
Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «MedTech» медициналық техника бойынша I Халықаралық форумға қатысты. Бұл іс-шара кәсіби мамандарды біріктіреді және тәжірибе алмасу және фармацевтикалық индустрияны дамытудың негізгі мәселелерін талқылау үшін тиімді алаң болады.
А. Цой өз баяндамасында атап өткендей, Президенттің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандандыру және технологиялар мен жаңа әзірлемелердің трансфертін қамтамасыз ету тапсырылды. Отандық өндірістегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесін 2025 жылдың өзінде қолда бар 17-ден 50% - ға дейін жеткізу қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау ұйымдарына ауқымды түгендеу жүргізді, оның шеңберінде жарақтандыру нормативіне сәйкес медициналық техника анықтамалығы әзірленді, медициналық техниканы басқару жүйесінің модификацияланған нұсқасы жаңартылды, жауапты қызметкерлерді оқыту жүргізілді, ақпараттық жүйеде медициналық техниканың нақты бар екендігі туралы деректер өзектендірілді, өңірлер бойынша жарақтандырудың интерактивті картасы әзірленді. Бұл ретте, 6 млн. астам деректер өңделді, ақпараттық жүйелерді 9 пысықтау жүргізілді.
«Бейінді қызметтердің жарақтандырылу деңгейін талдау кезінде реанимация бөлімшелерінің жарақтандырылуы 78,8%-ды, педиатриялық көмек көрсететін ұйымдар - 84,8%-ды, акушерлік-гинекологиялық көмек - 84,3%-ды құрады. Түгендеу қорытындысы бойынша денсаулық сақтау министрлігі қажеттілікті жинақ жасады, өңірлер медициналық ұйымдарды жабдықтау қажеттілігі бойынша ақпарат берді», - деді А. Цой.
Министр қазіргі уақытта 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін, сондай-ақ қаржыландыру көздері бойынша ұсынылған қажеттілікке талдау жүргізіліп жатқанын хабарлады. Жалпы, басым бағыттар бойынша медициналық техниканы сатып алуға жоспарланған қажеттіліктің шамамен алынған сомасы 180 млрд.теңгеден астам соманы құрады.
Талдау нәтижелері бойынша денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен жарақтандырудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеу жоспарлануда, онда жылдар бөлінісінде және өңірлер бойынша қаржыландыру көздері бойынша инвестициялар сомасы жөніндегі деректер енгізілетін болады. Сонымен қатар, А. Цой Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес босандыру, балалық шақ, анестезиология және реанимация қызметіне басты назар аударылатынын атап өтті.
Сондай-ақ, «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес аудандық ауруханаларды жабдықтау бойынша шаралар қарастырылған.
Форум барысында денсаулық сақтау министрлігінің және оның салалық құрылымдарының өкілдері, сарапшылар, бизнес пен салалық қауымдастықтардың өкілдері ҚР Денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен қамтамасыз ету жүйесінің ағымдағы жай-күйі мен жетілдіру тұжырымдамасын, отандық медициналық техника өндірісінің қазіргі жай-күйін, медициналық техниканы тіркеу және сараптау мәселесін, отандық медициналық өнеркәсіптің мүмкіндіктерін және т. б. талқылайды.