
Бүгін академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық Травматология және ортопедия ғылыми орталығында орталықтың 20 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның ашылуы өтті.
Үш күндік онлайн-форум бағдарламасына Қазақстан, Ресей, Түркия, Германия, Австрия, Израиль, Ұлыбритания, Египет, Үндістан, Греция, Қытай және т. б. травматология және ортопедия саласындағы 19 елден 100-ге жуық жетекші мамандар қатысады деп жоспарлануда.
Онлайн-форумның ашылуында Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов құттықтау сөз сөйледі.
«Нұрлан Жұмағұлұлы Батпеновтың бастамасымен 2001 жылы Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет республикадағы травматологиялық-ортопедиялық қызметтің флагманы болып табылатын Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты құрылғанын бәріміз есімізде сақтаймыз. Ауыр шығынға қарамастан, орталық ұжымы, Академик Н.Д. Батпеновтың тәрбиеленушілері еліміздің ғылыми-практикалық, ұйымдастырушылық-әдістемелік және білім беру орталығы бола отырып, жоғары және бәсекеге қабілетті деңгейге жетіп, жұмысын жалғастыруда және қызметін дамытуда»,- деді Марат Шоранов.
«Жаңа заманауи технологиялар қарқынды әрекет етуді және жаңа білім мен дағдыларды үйренудегі, қабылдаудағы, меңгерудегі өзгерістерге тез бейімделуді талап ете отырып, дамуда. Инновацияларды диагностика мен емдеудің дәстүрлі әдістерімен үйлестіре отырып, дербестендірілген медицина қағидаттарын дамыту қажет», - деп атап өтті бірінші вице-министр.
Оның айтуынша, соңғы 20 жыл ішінде Ұлттық орталықта травматологиялық-ортопедиялық науқастарды диагностикалау мен емдеудің жоғары технологиялық әдістері игерілді және енгізілді, оның ішінде ірі буындарды эндопротездеу және артроскопия, омыртқаның сынуы мен аурулары кезіндегі транспедикулярлық бекіту және спондилодез, остеосинтездің жабық, шағын инвазивті технологиялары.
Ол сондай-ақ коронавирустық инфекциямен күреске инфекциялық стационар орналастырылған ТОҰҒО-ның қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар, Орталық қызметкерлері пациенттерге жұмысты бір күнге үзбей, шұғыл және жоспарлы ортопедиялық-травматологиялық көмек көрсетуді жалғастырды.
Конференцияның бірінші күнінде Александр Бурцев, Эвальд Геринг, Сергей Виссарионов, Мишель Оранский және басқалар сияқты танымал шетелдік дәрігерлердің 33 баяндамасы тыңдалады.
«Жыл сайын бұл іс-шара өзінің қажеттілігі мен өзектілігін дәлелдейді. Басқа елдердегі әріптестермен тәжірибе алмасу травматологиялық қызметті одан әрі дамыту үшін маңызды болып табылады. Конференцияға қатысушылар травматология мен ортопедияны жедел емдеудегі заманауи тәсілдер, отандық вертебрологияның даму үрдістері, инновациялар және эндопротездеудегі күрделі жағдайлар және тағы басқалар туралы өте интеренсивті материалдар ұсынды», - деді ТОҰҒО директоры Олжас Бекарысов.
Алғаш рет академик Нұрлан Батпенов атындағы қоғамдық қордың қолдауымен орталықта онлайн форматта «Батпенов оқулары» атты жас ғалымдар конференциясы өтеді.
Конференцияның мақсаты - жас ғалымдардың бастамаларын қолдау және өздерінің ғылыми әлеуетін іске асыруға көмек көрсету.