
Бүгін ҚР Денсаулық сақтау Вице-министрі Ажар Ғиният "ақыл-ой және дене дамуы бұзылған балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік бейімдеу және кәсіби еңбекпен оңалту орталығының" (САТР орталығының) 25 жылдығына және директордың, профессор, педагогика ғылымдарының докторы Сүлейменова Роза Айтжанқызының 75 жылдығына арналған "Мүмкіндігі шектеулі балаларды білім беру процесіне қосу (inclusion): өткені, бүгіні, болашағы" атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Конференцияға облыстардың және Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, сондай-ақ практикалық денсаулық сақтау жүйесінің жетекші клиникаларының өкілдері қатысты. А.Ғиният өзінің алғы сөзінде Роза Айтжанқызы мен САТР Орталығының ҚР сурдологиялық көмекті дамыту, Денсаулық сақтау жүйесіндегі арнаулы әлеуметтік қызметтер, мүмкіндігі шектеулі балаларға қажетті әлеуметтендіру, оңалту және медициналық көмек көрсету мәселелерінде басты рөл атқаратын медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау мәселелерінде қосқан үлесін атап өтті.
Конференцияның екі күні ішінде арнайы және инклюзивті білім беру, ерте көмек жүйесінде балаларды диагностикалауды жетілдіру және скринингті ұйымдастыру, нәрестелер өлімі мен ерте жастағы балалар мүгедектігінің алдын алу, мүмкіндіктері шектеулі балаларға көмекті жетілдіру, Қазақстан Республикасында генетикалық бұзылулардан балалар мүгедектігінің ерте алдын алу технологиялары, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімді моделі туралы мәселелерді талқылау жоспарланып отыр.