
Бүгін Денсаулық сақтау Вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов Мәжілісте «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын таныстырды.
Заң жобалары Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында берген тапсырмаларын ескере отырып әзірленді.
«Биологиялық қауіпсіздік - елдің ұлттық қауіпсіздігінің құрамдас бөліктерінің бірі. Соңғы онжылдықта инфекциялық аурулардың, оның ішінде алғаш рет XX ғасырдың соңында анықталған, реттеудің жаңа нысандарын талап ететін індеттердің саны мен алуан түрлілігі артып келеді», - деді Е. Қиясов.
Қолданыстағы реттеуде бірқатар проблемалар бар, оларды шешу азаматтардың биологиялық қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Заң жобасында биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық бағыттар мен міндеттерді Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясына енгізу жолымен, сондай-ақ біріздендірілген нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік техникалық құжаттарды әзірлеу жолымен биоқауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты жүйелі және дәйекті іске асыруды енгізу ұсынылады. Бұдан басқа, негізгі заң жобасында биологиялық қауіпсіздік саласындағы үйлестіруші органды және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мемлекеттік органдарды олар үшін тиісті құзыретті және үйлестіруші органға есеп беруді белгілей отырып айқындау көзделеді. Сондай-ақ, олардың құзыретіне сәйкес биоқауіпсіздік саласында жұмыс істейтін үш негізгі министрліктердің (ДСМ, АШМ, БҒМ) өкілеттіктерінің аражігін ажырату көзделген, бұл денсаулық сақтау, ветеринария, білім және ғылым салалары.
Заң жобасында сондай-ақ бейінді мемлекеттік органдардың деректері жиналатын бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйені енгізу арқылы есепке алу және мониторинг жүйесін құру және жетілдіру мәселелері реттелді, бұл ағымдағы жағдайды талдауға және болжауға және биологиялық қатерлерді жою немесе алдын алу бойынша тиісті шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді. Аталған тетіктерді іске асыру үшін қауіпті патогендер айналымын есепке алу мен мониторингілеудің бірыңғай қағидаларын әзірлеу көзделген», - деп атап өтті Вице-министр.
Одан басқа, заң жобасында дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызметтерін лицензиялауды енгізу ұсынылады.
Заң жобасында сондай-ақ қызметтердің биологиялық қатерлерге қарсы іс-қимылға дайындығын қамтамасыз ету көзделген:
1) аса қауіпті патогендермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерін әлеуметтік қорғауды арттыру;
2) білікті мамандарды жұмылдыру мүмкіндігімен олардың кадр резервін қалыптастыру;
3) жұмыс істеп тұрған зертханаларды материалдық-техникалық жарақтандыруды және жаңаларын салуды халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру.