
Ағымдағы жылдың 20 тамызында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Қазақстандағы елдік кеңсесінің өкілі доктор. В. Стецикпен кездесу өткізді. Сондай-ақ, іс-шараға отандық ғалымдар мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің салалық құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды талқылап, жұмыс тәжірибелерімен бөлісті, ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру жоспарларын белгіледі.
COVID-19 коронавирустық инфекциясымен күрес жөніндегі іс-шараларды іске асыру шеңберіндегі өзара ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға тиімді ден қою шаралары туралы; COVID-19 кезінде диагностикалау мен емдеудің қазіргі заманғы әдістерін қолдану мәселелері егжей-тегжейлі қаралды; халықаралық дәрі-дәрмек саясатындағы жаңа тәсілдерге, әлемдік ғылыми жетістіктерге және медицина қызметкерлерін инфекциялық және инфекциялық емес ауруларды жүргізуге оқытуға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, COVID-19 бар пациенттерге көмек көрсетуге және вакцинация мәселелері бойынша халықпен түсіндіру жұмыстарына тартылған медицина қызметкерлерін психологиялық қолдау үшін коммуникация құралдарын енгізу бойынша жоспарлар айқындалды.
Кездесу соңында тараптар жүйелі ынтымақтастық пен әдіснамалық қолдауға дайын екендіктерін білдірді.