
Жиынға ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, «Нұр Отан» ХДП өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері және селекторлық байланыс арқылы аймақтардағы Денсаулық сақтау басқармалары мен әкімдік қызметкерлері қатысты.
Қазір Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесінде 209 800 медициналық қызметкер жұмыс істейді, оның 57 200-і дәрігер және 152 600-і орта мед.қызметкер.
2019 жылдың басындағы мәліметке сәйкес, клиникалық мамандықтар бойынша 5897 дәрігер жетпейді. Кадр тапшылығы, әсіресе, Қарағанды, Қостанай, Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарында байқалады. Сондықтан, Денсаулық сақтау министрлігі биыл медициналық жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен тәмамдаған түлектерді өңірлерге барып жұмыс істеуге міндеттеді.
Жас мамандар электрондық enbek.kz порталы арқылы аймақтардың сұранысына қарай бөлінеді. Биыл клиникалық бейінді 5003 маман оқу бітірді, оның 3 776-ы (75,4%) жұмысқа орналасады, 1 227 түлек (24%) жұмыстан босатылды. 3 776 түлектің 1 819-ы (48%) ауылға барып үш жыл жұмыс істеуі тиіс.
Биыл Жастар жылы аясында жас мамандарға жәрдемақы 70-тен 100 АЕК-ке дейін артты, яғни, 252 500 теңгеден кем болмауы тиіс. Сонымен қатар, бірқатар облыс жас мамандарға жергілікті бюджет есебінен көтерме жәрдемақы бөлмек, ол 500 000 теңгеден 1 500 000 теңгеге дейін.
«Алайда, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарындағы медициналық ұйымдар 100 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы бермек. Алматы облысы, тіпті, жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етпейміз деп отыр. Биыл 1819 маманды ауылға жібердік. Енді оларды әкімдік дұрыс қарсы алуы керек. Мысалы, өткен жылы аймаққа барған 817 маманның 20 пайызы ғана баспана алған. Жағдайы болмаған соң олар жарты жылдан кейін шетінен кетіп қалады. Кейбірі грантты қайтаруға дайын. Бұл өте қиын жағдай», - деді министр.
ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес биыл 1 маусымнан бастап денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің жалақысы 30% дейін өсті. Ол үшін республикалық бюджеттен 43,9 млрд.теңге қосымша қаражат бөлінді. Қазір медициналық қызметкерлердің орташа айлық жалақысы мынадай: дәрігерлер - 164 047 теңге (қосымша төлемдерді қоспағанда), орта медициналық қызметкер -112 729 теңге (қосымша төлемдерді қоспағанда) алады.
Елжан Біртанов: «Келесі жылы 1 қаңтардан бастап дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің жалақасын тағы көтеруді жоспарлап отырмыз»
Жиын қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі ауылдағы кадр тапшылығын жою үшін мынадай ұсыныстар жасады: дәрігерлердің жалақысын 30%-ға арттыру, жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету, көтерме жәрдемақы төлеу, тұрғын үй немесе бюджеттік несие беру, медициналық қызметкерлердің балаларын балабақшаға орналастыру, ҚР ДСМ, БҒМ түлектерді жұмысқа орналастыруды реттейтін НҚА-ға биыл 1-қыркүйекке дейін өзгерістер мен толықтырулар енгізуі қажет.