
2019 жылдың 29 шілдесінде Денсаулық сақтау министрлігінде вице-министр Ләззат Ақтаеваның төрағалығымен 2020 жылдың 1 қаңтарында толық іске қосылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) аймақтардағы дайындық бойынша семинар-кеңес өтті. Жиынға облыстардағы және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы Денсаулық сақтау басқармаларының басшылары қатысты.
Департамент директоры Азамат Өміртаев медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі бағыттары мен алғышарттары, сақтандыру қаражаты есебінен денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемінің артқаны, ақшаны медициналық көмектің деңгейі мен түрлері бойынша бөлу, жалпы, жаңа жүйеге дайындық туралы баяндады.
Департамент басшысы соңғы 10 жылда халық саны 15% өскенін, оның басым бөлігі – медициналық қызметтің негізгі тұтынушылары - қарттар (27%) мен балалар (24%) екенін айтты. Бұдан басқа, негізгі созылмалы аурулардың 2,5 есе өсуіне байланысты тәуліктік стационарда емдеу құны айтарлықтай өсті (1,5 есе) және 450-ден астам қымбат жаңа технология пайда болды, - деді ол.
"Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына қаржы жеткілікті бөлінбей келді, соның салдарынан халықтың қалтасынан шыққан шығын еселеп өсіп, ол жалпы денсаулық сақтау бюджетінің 40% немесе 680 млрд теңгеге жеткенін ескерсек, МӘМС енгізу еліміздің денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту үшін өте маңызды", - деді Азамат Өміртаев.
Елімізде медициналық сақтандыру жүйесін іске қосу үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Қажетті барлық нормативтік база қабылданды, ТМККК жаңа моделінің және МӘМС пакетінің тізбесі бекітілді, медициналық сақтандыруды енгізуді техникалық қолдау мақсатында Дүниежүзілік банктің қарызы бойынша келісім ратификацияланды, халық арасында ауқымды жұмыс жүргізілуде, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту бойынша мемлекеттің халық алдындағы міндеттемелері қабылданды.
Азаматтарды заңдастыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде 5,7 млн жалдамалы қызметкер, 800 мың жеке кәсіпкер бар, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 1,9 млн адамның мәртесі анықталды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік копорациясы жеңілдік жасалған 15 санатқа кіретін азаматтар жайлы мәлімет берді, оған енген 11 млн-ға жуық адам үшін медициналық сақтандыру қорына мемлекет ақша аударады.
Айта кету керек, 2020-2022 жылдарға арналған Денсаулық сақтау бюджеті МӘМС енгізу есебінен 53% артып, 1 трлн 490 млрд теңгеге жетті, оның 552 млрд теңгесі МӘМС-ке, 968 млрд теңгесі медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуына қарамастан әрбір қазақстандыққа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсетуге жұмсалады. Сақтандыру пакеті кепілдік берілген медициналық көмектен тыс медициналық көмектің кеңейтілген тізбесін көздейді.
Денсаулық сақтау вице-министрі атап өткендей, халыққа жаппай медициналық көмек көрсету үшін жағдай жасалды, кедергілер барынша жойылды. Ешкім де назардан тыс қалмайды, - деді Ләззат Ақтаева.
"Жалпы практика дәрігері, терапевт, педиатр, әлеуметтік қызметкер және орта медициналық қызметкерлер, шұғыл жедел жәрдем және консультациялық-диагностикалық көмек (КДК) кіретін медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ТМККК пакетіне енеді, яғни халыққа бұрынғыдай тегін ұсынылады. Сондықтан инфрақұрылымды дамытып, медициналық құрал-жабдықтарды жаңартып, кәсіби кадрларды жинап, ТМККК қызметтерін сапалы көрсетуге дайын болуларыңызды сұраймыз", - деді ол кеңеске қатысушыларға.
Дәрігерлер әлеуметтік маңызды және негізгі созылмалы ауруларға КДК тегін көрсетілетінін білуі тиіс, мәселен, сақтандырылмаған пациенттерге: «сіз кардиологқа қарала алмайсыз» деп айтпауы тиіс. Сіздердің міндеттеріңіз жоспарлы көмекті және жоспарлы емді дұрыс көрсету. Ел азаматтары мен оралмандар, елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер емін-еркін дәрігерге кіріп, қажетті көмек алуы керек", - деді Ақтаева.
Біздің басты мақсатымыз - медициналық сақтандыру есебінен азаматтардың медициналық көмекке жұмсап жүрген қалта шығындарын азайту және кепілдік берілген медициналық қызметтерді тегін ету.
"Медициналық көмекке бөлінген ақша жеткілікті болуы керек. Бұл медициналық мекемелер үшін үлкен қолдау", - деді вице-министр.
Семинарға қатысушылар тариф құру, бюджет қаражатын өңірлерге бөлуге қатысты өзекті мәселелерді, тұрғындарды медициналық ұйымдарға тіркеу, учаскелердің жүктемесі мен медициналық кадр тапшылығын талқылады. Бұл мәселелердің шешіміне қатысты барлық ұсынысты Денсаулық сақтау министрлігі мен Медициналық сақтандыру қоры және өңірлік басқармалардың өкілдері жақында өтетін кездесуде талқылайды.