
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында аталған жаңа жүйелердің артықшылығын түсіндірді. Министр ең алдымен цифрландырудың медициналық қызметтің сапасын арттыруға және жұртты дәрі-дәрмекпен қамтуға әсері жайлы айтты.
Бұл бағытта Денсаулық сақтау министрлігі белсенді және жоспарлы жұмыс жүргізуде. Біртановтың айтуынша, қазір еліміз электрондық денсаулық паспортына көшті; науқастар дәрігер кеңесесіне онлайн-жазылады; рецептті онлайн түрде алуға болады. Осының арқасында пациенттердің уақыты мен ақшасын үнемдеуге мүмкіндік туғаны, сондай-ақ медициналық ұйымдардың шығыны азайғаны байқалады. Жалпы, цифрландыру денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын оңтайландыруға көмектеседі, - деді ведомство басшысы.
Цифрландырудың арқасында медициналық құжаттарға қажет қағазға кететін шығын шамамен 315,4 млн теңге үнемделді. Флюорография, рентген, маммографияға пайдаланылатын материалдарға жұмсалатын қаражат 224,7 млн теңге қысқарды. Емханаға келушілер саны 8%, кезек күткен науқастар саны 30% азайды, пациенттердің тексерілгенге дейін емханада өткізетін уақыты 50%, электрондық қызметтің көмегімен зертханалық зерттеулердің қорытындысын алу мерзімі 1,7 есеге қысқарды.
Қызметтерді автоматтандыру нәтижесінде денсаулық сақтау саласы қағазсыз құжат айналымына көшті, есепке алынатын медициналық құжаттар 281-тен 154 дейін қысқарту процесі жүріп жатыр.
Министрліктегі маңызды жобалардың бірі - пациенттерге жеке медициналық жазбаларды электронды форматта ұсыну.
Осыған байланысты eGov порталында жеке кабинеті бар барлық пайдаланушыларға «eGov порталында дербес медициналық жазбалар ұсыну» деп аталатын жаңа қызмет ашылды. Сервис жеке медициналық деректерді қамтиды: емханаға бекіту; учаскелік дәрігер; диспансерлік есепке алу; рецептер; жоспарлы емдеуге жатқызу; емдеуге жатқызу.
Сонымен қатар, цифрландыру саласында мобильді қосымшалардың да рөлі маңызды. Денсаулық сақтау саласында мобильді қосымшалардың бірыңғай каталогы құрылған.
Қазақстандықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласына да жаңа технологиялар енгізілуде. Мәселен, ТМККК шеңберінде тегін дәрілік заттар (ДЗ) туралы sms-хабарлама іске қосылды, соның арқасында дәрі-дәрмектерді тарату барысында кездесетін сыбайлас жемқорлықтықтың жолы кесілді. Бүгінгінде тегін дәрі алушыларға 1 млн 057 469 SMS-хабарлама жіберілді. Рецептілермен қамтамасыз ету бойынша пилоттық режимде СМС-хабарламалар жіберілуде.
Министр қабылданып жатқан осы шаралардың нәтижесінде дәрі-дәрмекпен қамту саласындағы кемшіліктердің бірте-бірте шешіліп жатқанын ерекше атап өтті. Ол 2018 жылы амбулаторлық емдеу аясында дәрі-дәрмекті алмаған және қажетті препараттармен толық қамтылмағандардың анықталғанын еске салды.
Осындай мәселелер туындамас үшін 2018-2019 жылдары тегін дәрі-дәрмек таратудың электрондық есебі, препараттың науқасқа жеткені жайлы СМС жіберу жүйесі енгізілді, ТМККК бойынша медициналық түсіндіру жұмыстары жүргізілді, жоспарлау автоматтандырылды, 1439 бірыңғай байланыс орталығы іске қосылды. Жалған дәрілермен күресті күшейту мақсатында дәрілердің әрбір қаптамасын қадағалау жүйесін енгізу басталды.
ҚР денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен сатылатын барлық дәрі-дәрмектің шектік бағасы белгіленді. Яғни дәріханалар енді белгіленген шектік бағадан артық үстеме баға қоя алмайды.
Жоғарыда аталған шаралар медициналық ұйымдарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізуге дайын болуға мүмкіндік береді. Бүгінде барлық заңнамалық база бар. 2017 жылдың шілдесінен бастап жұмыс істейтін медсақтандыру қорында 200 млрд жуық теңгеге жиналды. Қазір 17 млн-нан астам адамның мәртебесі анықталды.
АНЫҚТАМА: Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап МӘМС жобасы Қарағанды облысында пилоттық режимде іске қосылады. Қаулы жобасы 2017 жылғы 12 шілде www.mz.gov.kz интернет-ресурсында жарияланды. Пилдоттық жоба үшін республикалық бюджеттен қосымша 2,3 млрд.теңге қажет.
Пилоттық жоба бойынша ТМККК жаңа моделі мен МӘМС пакеті аясында еңбекке қабілетті азаматтар профилактикалық тексеруден өтеді және оңалту қызметтері көрсетіледі.
Қазір дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін цифрландыру үшін қажетті жұмыс жүріп жатыр. ТМККК жаңа моделі мен МӘМС пакетін енгізуге дайынбыз. Бұл шаралар емханадағы кезектің азаюына, азаматтардың медициналық қызметке жұмсайтын «қалта» шығынын үнемдеуге және медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, - деді Біртанов.
МӘМС пакетінде медициналық қызметтің барлығы қамтылған, сондықтан, қазақстандықтар емделуге артық қаржы жұмсамайды.