Резидентура мамандықтарына мемлекеттік грант дәрігерлерге деген сұранысқа қарай бөлінді

Резидентура мамандықтарына мемлекеттік грант дәрігерлерге деген сұранысқа қарай бөлінді

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі маман тапшылығын жою үшін резидентурға мемлекеттік грант бөлу  тәсілін өзгертті. Биыл қалалар мен ауылдардағы медициналық кадрларға деген  сұранысқа қарай 15 мамандық іріктеп алынды. Осы мамандықтар бойынша 2019-2020 оқу жылында резидентураға мемлекеттік грант бөлу жоспарлануда. Биылдан бастап резидентура мамандықтарының тізімі денсаулық сақтау жүйесінің және  тұрғындардың қажеттілігіне қарай жасалады.  

Мәселен, резидентурада «Отбасылық медицина» деген жаңа мамандық ашылды. МӘМС енгізілгеннен кейін, МСАК жүйесі бойынша кәсіпаралық команданың орнын отбасылық дәрігер алмастыруы тиіс. Бұл мамандардың міндеті мен жалақысына да әсер етеді. Отбасылық дәрігер кез келген жастағы және кез келген пациентке жедел, сапалы медициналық көмек көрсетеді.

Алдағы екі жылда резидент-түлектердің есебінен бірқатар мамандықтарға (акушерлік-гинекология, пульмонология, офтальмология, отоларингология, кардиология, кардиохирургия, нейрохирургия, спорттық медицина, аллергология, гематология) деген дефицит жойылады деп жоспарлануда.

Әлемде резидентура білімі - тәжірибеге негізделген. Сондықтан резидентурадағы оқу көбіне аурухана, емханада өтеді. Осыған байланысты резидентураға  дайындықтың  форматы жаңартылды. Енді оқу тікелей жұмыс орнында өтеді. Түлектердің болашақ қызмет ететін жерін алдын ала белгілеп, бірден жұмысқа орналасуына кепілдік беру жоспарлануда. Резидентураға түскен адам оқу орны және Денсаулық сақтау басқармасымен үш жақты шарт жасауы тиіс.

Резидентура бойынша мемлекеттік грант бөлудің жаңа әдістемесі сапалы кадр дайындауға әсер етеді, оқу орындарында мамандық таңдаудағы теңсіздікті жояды.

Сондай-ақ, резидентті жұмысқа орналастыру мәселесі де шешіледі. Ал мемлекеттік білім грантының конкурстық іріктеуінен өтпеген түлектер өңірлердегі жергілікті атқарушы органдардың тапсырысы бойынша резидентураға түсе алады.

Бұл шаралар, ауыл мен қаладағы кадр тапшылығын  жоюға,  мемлекеттік грантпен оқығандардың кемінде 3 жыл ауылда жұмыс істеуіне, түлектердің жұмысқа орналасуына, сондай-ақ, ЖМОО жас мамандар алдындағы жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, медицина кадрларын жоспарлау және резидентураға мемлекеттік білім грантын бөлу ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіне кіреді. 2016 жылдан бастап жыл сайын резидентураға мемлекеттік тапсырыс бойынша 1500 орын бөлінеді.