
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде ведомство басшысы Е. Біртановтың төрағалығымен ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеу бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Жұмыс тобы ҚР Премьер-министрінің тапсырмасымен құрылды. Оның құрамына Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің өкілдері, мемлекеттік органдардың басшыларының орынбасарлары, жергілікті атқарушы органдардың, халықаралық ұйымдардың (ДДСҰ, ЮНИСЕФ, Дүниежүзілік банк және т.б.) және медициналық жоғары оқу орындарының өкілдері кірді. Естеріңізге сала кетейік, Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламаның жобасы осы жылдың 25 шілдесіне дейін әзірленуі тиіс.
Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары негізінде, сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жолдаулары мен тапсырмаларын орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қоғамдастықтың белсенді қатысуымен жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірледі. Осы мемлекеттік бағдарламаның мақсаты сапалы және қолжетімді медициналық қызметті дамыту және 2025 жылға қарай өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін арттыру.
Жұмыс тобының отырысында жиынға қатысушылар мемлекеттік бағдарламаның жобасын, оның көрсеткіштері мен іс-шаралар жоспарын қарады, сондай-ақ, ұсыныстар мен ескертулерді талқылады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Айнұр Айыпханова баяндама жасады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс тобының мүшелерінен, сондай-ақ медициналық жұртшылық, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларының өкілдерінен ұсыныстар жинайтын болады.