
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде жас мамандар мен философия докторларын (PhD) бөлу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында резидентура және докторантура мамандықтары бойынша 2019-2020 оқу жылына арналған мемлекеттік грант талқыланды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті резидентура және докторантура мамандықтары бойынша мемлекеттік гранттардың әдістемесін ұсынды. Құжатқа сәйкес, өңірлердегі медициналық кадрға деген сұранысқа байланысты мамандықтарды ранжирлеу жүргізілді.
Нәтижесінде қалалар мен ауылдарда сұраныс жоғары 15 мамандық іріктеп алынды. Осы мамандықтар бойынша 2019-2020 оқу жылында резидентураға мемлекеттік грант бөлу жоспарлануда.
2019 жылдан бастап резидентура мамандықтарының тізімі денсаулық сақтау жүйесінің талаптары мен қажеттілігіне қарай толықтырылды. Мәселен, резидентурада «Отбасылық медицина» атты жаңа мамандық ашылды. МӘМС енгізілгеннен кейін, МСАК жүйесі бойынша кәсіпаралық команданың орнын отбасылық дәрігер алмастыруы тиіс. Бұл мамандардың міндеті мен жалақысына да әсер етеді. Отбасылық дәрігер кез келген жастағы және кез келген пациентке жедел, сапалы медициналық көмек көрсетеді.
Ересектер мен балалар психиатриясы біріктірілді. Соның арқасында мамандар психиатрия, балалар, жасөспірімдер, гериартрикалық, наркология, сексопатология, суицидология, сот және әлеуметтік психиатрияның барлық бөлімдері бойынша жұмыс істей алады.
Халықаралық практикаға сәйкес резидентура мамандықтарының тізбесіне «Неврология, оның ішінде балалар неврологиясы» енгізілген. Егде жастағы адамдар, бұрын жол-көлік оқиғасы мен апаттан зардап шеккен азаматтар, орталық және перифериялық нерв жүйесі ауруына шалдыққан балалар мен жасөспірімдер осындай білікті дәрігердің көмегіне мұқтаж.
Резидентурада оқыған дәрігер болашақта клиникалық докторантурада ғылыммен айналыса алады.
Денсаулық сақтау министрлігі жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін жергілікті атқарушы органдармен, Денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп белсенді жұмыс істеуде.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша 006 республикалық бюджеттік бағдарлама шеңберінде 2019-2020 оқу жылына арналған резидентура және докторантура мамандықтары бойынша мемлекеттік грант әдістемесін бекіту туралы шешім қабылданды.