
22-23 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында Жедел медициналық көмек бригадалары мен стационарлардағы қабылдау бөлімшелерінің республикалық IV байқауы өтеді. Конкурста Қазақстанның 17 өңірінен келген командалар бақ сынайды.
Байқаудың мақсаты - науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсететін мамандардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау, жедел медициналық көмекті ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес жетілдіру.
Байқаудың ашылуына қатысқан ҚР Денсаулық сақтау министрі жедел жәрдем қызметіне жаңа көліктер берілетінін айтты.
Елжан Біртанов: «Елімізде қазір жедел жәрдем қызметінің жұмысы өте ауыр. Сондықтан, медициналық-санитарлық алғашқы көмек пен учаскелік дәрігерлерге басымдық берудеміз. Негізгі аурулармен осы екі қызмет айналысады да, жедел жәрдем тек шұғыл жағдайларда көмекке келуі керек. Жыл басында Елбасы жедел жәрдем қызметін толық көлікпен қамтамасыз етуді тапсырды. Биыл сол тапсырма аясында арнайы бағдарламаны іске асырамыз. Екі жылда еліміздегі жедел жәрдем қызметіне халықаралық стандартқа сай 800 жаңа көлік беріледі. Ол көліктерді отандық зауыт құрастырады».
Ал Қазақстанда жедел жәрдем қызметін реформалау ісі әлі жалғасуда. Айта кету керек, екі жылда бұл сала халықаралық стандартқа көшті және ережелері өзгерді. Жедел жәрдемнің жету уақыты 25 минуттан 15 минутқа қысқарды. Жедел көмек көрсететін мамандар базалық стандарттар бойынша қайта оқудан өтті.
Іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, медициналық жоғары оқу орындары мен медициналық ұйымдардың өкілдері, Италия мен Германиядан келген халықаралық сарапшылар қатысады.
Қатысушылар жедел көмек көрсету бойынша клиникалық станциялардан өтеді. Әр тапсырмаға арнайы клиникалық станция дайындалған. Мамандар манекен және стандартталған пациенттерді пайдалана отырып, адамға шұғыл көмек қажет болған жағдайда қалай дұрыс жәрдем беру керектігін көрсетеді. Ал қазылар алқасы мен емтихан алушылар жедел медициналық көмек бригадаларының және стационарлардағы қабылдау бөлімшелерінің жұмысын бағалайды.
Жедел медициналық көмек бригадалары мен стационарлардағы қабылдау бөлімшелерінің республикалық IV байқауының жеңімпаздары 23 шілдеде анықталады.