Нұр-Сұлтанда балалар нейрохирургтерінің Еуразиялық қауымдастығының II съезі өтуде

Нұр-Сұлтанда балалар нейрохирургтерінің Еуразиялық қауымдастығының II съезі өтуде

2019 жылғы 11-13 шілде аралығында Нұр-Сұлтан қаласында балалар нейрохирургтерінің  Еуразиялық қауымдастығының (БНЕҚ)  II съезі өтуде. Жиын барысында халықаралық қауымдастық (ISPN)  Қазақстанда алғаш рет балалар нейрохирургиясы бойынша  ресми мектеп ұйымдастырады.  Айта кету керек, аталған  ұйым жыл сайын әлем бойынша санаулы ғана  мектеп өткізеді.

БНЕҚ II съезінің ғылыми бағдарламасы балалар нейрохирургиясы саласындағы  маңызды мәселелерді талқылауға  арналады: гидроцефалия, дамудың туа біткен кемістіктері, жарақат, нейроонкология, функционалды нейрохирургия  және тағы да басқа. Әр тақырып бойынша пленарлық сессия өткізу жоспарланған.

Съезге ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева қатысты.  «Ұлттық нейрохирургия орталығындағы балалар нейрохирургиясы бөлімшесінде 4 300-ден астам бала емделуде, 3 500-ге жуық пациентке операция, жалпы барлығы 4 187 ота жасалған. Орталыққа Қазақстанның барлық аймағынан және жақын шетелдерден балалар келеді. Онда көбіне 3-5 санаттағы күрделі операциялар жасалады», - деді вице-министр.

БНЕҚ II съезінің Қазақстанда өтуі  отандық мамандар үшін үлкен мүмкіндік, дәрігерлер  тәжірибе алмасады, шетелдік әріптестерімен танысып, емдеудің жаңа әдістерін үйренеді.  

Съезге 15 мемлекеттен: Қазақстан, Ресей, Белоруссия, Армения, Украиня, Германия, Бразилия, Израиль, Қытай, АҚШ, Грузия, Өзбекстан, Молдова, Тәжікстан, Қырғызстаннан 250-ден аса маман келді.

Елбасы 2019 жылды Қазақстандағы «Жастар жылы»  деп жариялаған болатын.  Жас мамандарға қолдау көрсету үшін съезд аясында қатысушылар арасында байқау өтеді. Конкурста  нейрохирургия саласына қатысты  баяндама жасаған  жас дәрігер нейрохирургтар бақ сынайды.