
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин, ҚР Үкімет мүшелері және ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Арыстағы қалалық орталық ауруханаға және Шымкенттегі дәрі-дәрмек өндіретін SANTO зауытына барды.
«Төтенше жағдай салдарынан Арыс қаласындағы медициналық нысандардың инфрақұрылымына аздап зақым келді. Жарылыстан аудандық аурухананың терезесі сынған, шатырдың конструкциясы деформацияланған, ішкі және сыртқы есіктері қираған. Арыс қалалық Орталық ауруханадағы медициналық қондырғылар да 1 тамызға дейін жаңартылады. Ол үшін қажетті қаражат бөлінген», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың айтуынша, қазір Арыстағы емхана науқастарды қабылдап жатыр, ал 1 ай ішінде қалалық аурухана толық іске қосылады. Қазір «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты есебінен «Қазойлсервис» мердігер құрылыс компаниясы аурухананы қайта қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Сондай-ақ, астаналық делегация Шымкенттегі SANTO зауытына барып,
Цифрлық инженерлік және білім беру орталығы мен парентералды және пероралды сұйық дәрілік заттарды өндіретін цехты аралады.
Орталықтың негізгі міндеті - компания мамандарының біліктілігін арттыру, сондай-ақ IT-технологиялар, Автоматтандыру метрологиясы және технологиялық процестерді басқару саласында колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін оқыту.
2013 жылы ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған парентералды және пероралды дәрілік заттар цехы парентералды ерітінділерді, сондай-ақ, стерильді емес сұйық дәрілік заттарды өндіреді. Еуразияда теңдесі жоқ цех жылына 140 млн инъекцияға арналған ампула, 2,8 млн инфузия орамасын, 3 млн стерильді емес сұйық дәрілік заттар шығарады. Жобаға 40 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынған.
Айта кету керек, SANTO компаниясы Арыс қаласының тұрғындарына қосымша көмек көрсететінін хабарлаған болатын. Зауыт төтенше жағдайдан зардап шеккендерге қажетті ауруды басатын дәрілер, кардиопрепараттар, антибиотиктер жеткізді.