
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ОКҚ брифингінде Арыс қаласында зардап шеккендердің қазіргі жағдайы, тұрғындарды дәрі-дәрмекпен және медициналық қызметпен қамтамасыз ету, сондай-ақ қаладағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады.
Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде Арыс қаласында болған жарылыстың салдарынан медициналық көмекке 410 адам жүгінген, оның ішінде 82-сі (14-і бала) ауруханаға жатқызылды, қалғандары амбулаторлық ем алуда.
- Пациенттердің көбі Шымкент қаласындағы Облыстық клиникалық ауруханада, ал балалар Облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Қазір 19 пациент стационарда емделуде. 57 адамның жағдайы жақсарды. Өкінішке қарай, бір науқас ауыр жарақаттан қайтыс болды, - деді Біртанов.
Сонымен қатар, санавиация желісі бойынша 2 ересек пациент Алматы қаласындағы ауруханаға, ал 2 бала Нұр-Сұлтан қаласындағы балалар ауруханасына жеткізілді. Бүгінде бір баланың жағдайы өте ауыр. Және Түркістан облыстық балалар ауруханасының реанимация бөлімінде жатқан 17 жастағы жасөспірім дәрігерлердің ерекше бақылауында.
Министр Арыс қаласында жедел медициналық көмекті ұйымдастыру бойынша қажетті іс-шаралар уақтылы ұйымдастырылғанын атап өтті. Жалпы, медициналық көмек көрсетуге Арыс қаласы, Ордабасы ауданы, Түркістан, Кентау және Шымкент қалаларының 22 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Жақын облыстарда (Жамбыл және Қызылорда облыстары) 16 жедел медициналық жәрдем бригадасы көмекке келді. Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы білікті мамандардан тұратын 4 мультидисциплинарлық топты оқиға орнына жіберді. Санавиация желісі бойынша науқастарға консультациялық көмек көрсету үшін Алматы қаласынан 2 мультидисциплинарлық және 1 инфекциялық бригада жіберілді. Шымкент қаласының стационарларында зардап шеккендерді қабылдау үшін қосымша 280 төсек-орын ашылды, вокзалдар мен базарларда және басқа да адамдар көп жиналатын жерлерде жедел медициналық көмек бригадалары кезекшілікте тұр. Эвакуацияланған тұрғындарды дәрігерлер тексеріп, зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетілді.
Жарылыстан Арыс қаласындағы орталық аудандық аурухананың ғимараты бүлінді. Атап айтқанда, аурухананың терезелері, ішкі және сыртқы есіктер бүлінген, шатыр шытынаған. Жаңа терезелерді монтаждау жұмыстары басталды. Есіктер ауыстырылады және үй-жайлардың ішінде әрлеу жұмыстары және шатырды жөндеу басталады. Жөндеу жұмыстарын бір ай ішінде аяқтау жоспарлануда. 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап емханада халыққа амбулаториялық қызмет көрсету қайта басталды. Жақын орналасқан аудандық ауруханалар мен облыстық медициналық мекемелер стационарлық көмек көрсетеді.
Сонымен бірге, 2019 жылдың 6 шілдесіне дейін Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының комиссиясы метрологиялық компаниямен бірлесе отырып, медициналық және технологиялық жабдықтарды оның жұмыс істеу қабілетіне тексеру жұмыстарын аяқтайды. Оның қорытындысы бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен шығыстар сметасы жасалады және мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлдінеді.
Анықтама үшін:
ТЖ байланысты 123 медициналық және технологиялық жабдықтарды метрологиялық тексеруден өткізу қажет. Аурухана мен емханаларда барлығы 373 медициналық жабдық бар. Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 98 медициналық жабдықты жаңарту керек.
Ведомство басшысы Арыстағы созылмалы аурулар бойынша тіркеуде тұрған тұрғындар Шымкент қаласы мен Түркістан облысының медициналық ұйымдары арқылы тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетінін хабарлады. Пациенттерге қажетті препарат жеткілікті.
Сондай-ақ, Елжан Біртанов Түркістан облысы Арыс қаласындағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты және бақылауда екенін айтты. Тұрғындар арасында ішек инфекциясын жұқтырып, тамақтан уланғандар жоқ. Басқа инфекциялармен сырқаттанғандар саны да аз.
Жалпы, санитарлық қызмет мамандары 11,3 мың үй мен пәтерді, 291 түрлі нысан мен ұйымды аралап, тұрғындарға 10,9 мыңнан астам ескерту қағазын таратты. Тұрғындар мен түрлі сауда объектілерінен 10,7 мың кг-нан астам бүлінген тамақ өнімдері тәркіленіп, жойылды. 2,1 мың дәретхана, қоқыс алаңдары, санитариялық-аулалық қондырғылар және басқа да нүктелер дезинфекциялық өңдеуден өтті. Ластанған 200,7 мың м2 аумаққа дезинфекция жасалды. Ауыз су микробиологиялық көрсеткіштер бойынша санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Радиациялық-химиялық жағдай қалыпты, санитариялық нормалардың талаптарына сәйкес келеді. Тамақтану, ауыз сумен жабдықтау қауіпсіздігін, еңбек және тұрмыс жағдайларын бақылауды үшін басқа өңірлерден санитариялық дәрігерлер жіберілді.