
Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы стационарларда 32 науқас жатыр, олардың арасындағы бір жасөспірім Шымкенттегі Облыстық балалар ауруханасындағы жан сақтау бөлімінде.
Маусымның 24-і мен 2 шілде аралығында 39 науқас ауруханадан үйіне жазылып шықты (оның 3-і бала). Төтенше жағдай кезінде ауруханада бір пациент қайтыс болды.
Санитарлық авиация бойынша 4 науқас Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы клиникаларға ауыстырылды, оның 2-і жан сақтау бөлімінде жатыр.
Шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында Арыс қаласы, Ордабасы ауданының, Түркістан, Кентау және Шымкент қалаларының 22 жедел медициналық көмек бригадасы жұмылдырылған.
Жақын облыстардан (Жамбыл және Қызылорда облыстары) 16 жедел медициналық бригада көмекке келді.
Сондай-ақ, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Түркістан облысына Нұр-Сұлтан қаласынан Жедел медициналық жәрдем бригадасы жіберілді.
Шымкент қаласының стационарларында зардап шеккендерді қабылдау үшін қосымша 280 төсек-орын дайындалды. Вокзал, базарларда және басқа да адамдар көп жиналатын жерлерде жедел медициналық көмек бригадалары кезекшілікте тұр.
Барлық медициналық ұйымдар қажетті дәрілік заттармен, қан мен оның компоненттерімен қамтамасыз етілді.
Мемлекеттік және жеке меншік емханалардағы дәрігерлер қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындардың денсаулығын тексеріп, зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетті.
Қажет болған жағдайда, науқастарды шұғыл тасымалдау үшін медициналық жабдықтармен жабдықталған 2 санитарлық авиация тікұшағы дайын тұр.
Санитарлық авиация желісі бойынша пациенттерге консультациялық көмек көрсету үшін Шымкентке Алматы қаласынан құрамында реаниматолог, травматолог, камбустиолог, балалар реаниматологтары мен нейрохирургтары бар 2 мультидисциплинарлық бригада жіберілді. Мамандар науқастарға консультациялық көмек көрсетті, олардың біреуіне сол жерде ота жасалды.
Бұдан басқа, медициналық көмек көрсету үшін орталық аудандық ауруханаларға (Отырар, Ордабасы және Сарыағаш аудандары) камбустиолог-дәрігерлер, нейрохирургтер, реаниматологтар мен неврологтар жіберілді. Мамандар зардап шеккен науқастарға консультациялық көмек көрсетті.