
Түркістан облысы Арыс қаласында болған төтенше жағдайдан жапа шеккен тұрғындарға қолдау көрсету мақсатында еліміз бойынша «Арыс, біз біргеміз» атты қайырымдылық акциясы жүріп жатыр.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің орталық аппарат қызметкерлері мен ведомствоға қарасты ұйымдар, еліміздегі дәрігерлер де қайырымдылық шараға атсалысып, оларға қолдау ретінде бір күндік еңбекақысын аударды.
«Біз, медицина қызметкерлері осындай қиын-қыстау жағдайда отандастарымызға қолдау білдіргіміз келеді», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Министрдің айтуынша, министрлік пен ведомствоға қарасты ұйымдардың басшылары жарақат алған азаматтарға медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасайды.
Қазір Арыс, Түркістан, Кентау және Шымкент қалаларынан, Ордабасы ауданынан жалпы 22 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Оқиға орнына Жамбыл облысынан қосымша 4 бригада жіберілді. Жамбыл және Қызылорда облыстарында тағы 12 бригада төтенше жағдай болса қалса шұғыл әрекет етуге әзір тұр.
Сонымен қатар, санитарлық авиация желісі бойынша травматолог, реаниматолог, комбустиологдан құралған екі мультидисциплинарлық бригада да жұмыс істеуде. Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы ЖМК 16 бригадасы көмекке келді. Қажет болған жағдайда, науқастарды жедел тасымалдау үшін 2 санитарлық авиация тікұшағы дайын.
Жарылыстан зардап шеккендерге медициналық көмекті ұйымдастыру ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында.