Адам өмірін сақтаудағы ынтымақтастық

Адам өмірін сақтаудағы ынтымақтастық

Нұр-Сұлтанда Қазақстанның анестезиолог және  реаниматологтарының  III Конгресі басталды.Халықаралық жиын марқұм профессор Рамазан Қалиевтің құрметіне ұйымдастырылған. Конгресстің ашылуына ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатысты.

«Адамдар күн сайын жол-көлік оқиғасынан түрлі жарақат алады, жиі табиғи немесе техногенді  апаттың құрбаны болады. Осындай жағдайда науқасқа шұғыл реанимациялық көмек, интенсивті терапия керек. Сондықтан тәжірибе алмасу үшін мұндай жиынның маңызы зор», - деді министр.  

Конгресте заманауи медициналық технологияны, халықаралық сапа стандартын  пайдалана отырып науқастарға  медициналық  көмек көрсету мәселесі талқыланды.  Қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру үшін Еуропа және Америка анестезиологтары қауымдастығының беделді оқытушылары мен шетелдік дәрігерлердің қатысуымен арнайы мастер-класс ұйымдастырылады. Яғни, отандық дәрігерлерге шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуына мүмкіндік туып отыр.

Халықаралық шара 22 маусымға дейін жалғасады. Конгресске Испания, Израиль, Румыния, Польша, Литва, Ресей, Германия, Түркияның дәрігерлері келген. Жалпы 500 делегат қатысуда.

Бұған дейінгі кездесуге қелген делегаттардың бастамасымен  клиникалық протоколды модернизациялау, анестезиология, реаниматология, интенсивті  терапия бөліміне жаңа стандарттар енгізу ісі жалғасып, педиатриялық анестезиология және реаниматология бір жүйеге келтірілуде.   

«Біздің міндетіміз – медицина  саласындағы озық тәжірибені үйреніп, оны аймақтарға тарату, анестезиология, реаниматология, интенсивті терапия  саласындағы медициналық ғылымның жетістігін насихаттау», - деді Қазақстанның анестезиолог және реаниматологтар қауымдастығының басшысы Ағзам Жұмаділов.

Бұл мамандықтар жедел-құтқару қызметінің негізі деуге болады. Бірақ, олардың  барлығының алыс-жақын шетелге барып қайта дайындықтан өтуге,  оқуға мүмкіндігі жоқ. Осындай шаралар соңғы тренд, үрдіс, жаңа технологияға үңіліп, өз жұмысына қайта баға беруге, байланыс орнатуға, заманауи коммуникация, телемедицинадан хабардар болып,  кәсіби тұрғыдан өсуіне септігін тигізеді.

Конгресс аясында маусымның 20 мен 22 аралығында бірқатар шаралар ұйымдастырылған - III Қазақ-Израиль анестезиолог және реаниматологтарының симпозиумі  және  Америка-Австрияның Open Medical Institute (Medical Education Beyong Borders) қорының қатысуымен   «Акушерлік анестезиология» симпозиумі, «Ұлттық ғылыми кардиология орталығында» медибикелерге арналған арнайы секция өтеді, оған  еліміздің барлық өңіріндегі реанимациялық бөлімдердің медбикелері қатысады.