
«Қазмедиа орталығында» ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың халыққа есеп беру кездесуі өтті. Жүздесуге ел азаматтары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен медицина қауымдастығының мүшелері қатысты. Ведомство басшысы министрліктің 2018 жылы және 2019 жылдың I тоқсанында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспары жайлы айтты.
Министрдің баяндамасы бірнеше блоктан тұрады. Бірінші блок алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыру, қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту, дәрі-дәрмекпен қамту және ТМККК арналған.
Медициналық көмектің сапасына келсек, Е.Біртанов МСАК дамытуға арналған іс-шаралардың қорытындысын баяндады. Бүгінде жалпы тәжірибелі дәрігерлердің 1 мыңнан астам жаңа учаскесі және 79 педиатриялық учаске ашылды. Дәрігерге онлайн түрде жазылып, онлайн шақыруға болады. Осылайша, 2018 жылы жалпы тәжірибелі дәрігердің жүктемесі 5% азайып, емханаларда кезек 2 есеге төмендеді.
Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту мақсатында Ұлттық скринингтік бағдарлама жүзеге асуда. Оған ересектер мен балаларға арналған 7 түрлі жедел зерттеу кіреді. Өткен жылы 7 млн. адам тексеруден өтті, нәтижесінде 304 мың ауру анықталып, 260 мың азамат тіркеуге алынды.
Сонымен қатар, халықты дәрі-дәрмекпен қамту да үнемі министрліктің бақылауында. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту ісі орталықтандырылған соң 39 млрд. теңге үнемделіп, артылған қаржы қосымша препарат сатып алуға жіберілді. Ал сатып алу цифрлық жүйеге көшкеннен кейін 14,5 млрд.теңге үнемделіп, ол қаржы МСАК жұмсалды.
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа үлгісі негізінде халықты медициналық көмекпен қамтудың үш деңгейлі жүйесі дайындалды.
Жаңа үлгі қажет болған жағдайда әр адамға жедел және шұғыл көмек көрсетуге бағытталған. Жедел жәрдем, емхана, шұғыл стационарлық көмек, паллиативті қызмет және т.б. базалық медициналық қызмет азаматтардың барлығына қолжетімді болады.
МӘМС пакеті бойынша сақтандыруға қатысқан азаматтар ТМККК аясындағы қажетті дәрігерлік көмек пен жаңа медициналық көмекті де ала алады. Ал МӘМС кірмейтін қызметтер ерікті медсақтандыру аясында және ақылы түрде көрсетіледі.
Министр баяндамасының келесі блогы саланың инфрақұрылысын модернизациялау, жоғары технологиялы медицинаны дамыту, медқызметтің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған.
Е. Біртанов ескірген нысандардың мәселесін де көтерді. Еліміз бойынша медициналық мекемелердің 60 пайызы тозған, оларды қайта жаңарту үшін 1 трлн.теңгеден астам қаржы керек. Осы мәселені шешу үшін 67 нысанның құрылысына 7,5 млрд. теңге жеке инвестиция тартылды. Жалпы, былтыр 165 медициналық ғимарат салынды.
Денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды жетілдіру үшін 2021 жылға дейін медициналық-санитарлық көмек көрсететін 600 нысан ашылады деп жоспарлануда. 2018 жылы 94 аурухана біріктіріліп, 35-і қалды, әрқайсында орташа 415 орын бар. 3,4 млрд.теңге үнемделді. Елбасы тапсырмасына сай, астанамызда заманауи онкология орталығы салынуда. Орталықта сәулелі терапия, оның ішінде Орта Азияда баламасы жоқ протон терапиясы болады.
Медициналық көмекті жетілдіру жолында жоғары-технологиялы медицина да дамуда. 2018 жылы 1 200 трансплантация жасалды. Қазақстан жасанды жүрек қарыншасын орнататын мемлекеттер қатарына кіреді. Осындай өте сирек кездесетін 43 ота жасалды. Былтыр отандық хирургтар сымсыз зарядты бионикалық жүректі сәтті имплантациялады.
Медқызметті халыққа қолжетімді ету үшін санитарлық автокөлік паркі жаңартылуда, жылжымалы медициналық кешендер мен медициналық пойыз ұйымдастырылды. 2018 жылы мобильді медицинаның көмегімен 800 мыңнан астам адамға көмек көрсетілді. Мобильді медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында тариф 2 есеге артты. Осы бағытта 1 млрд. 400 мың теңге бөлінді.
Келесі блокта кадр тапшылығы, медицина саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру және МӘМС енгізу сөз болды.
Қазір Қазақстанда 7 мың дәрігер жетпейді. 2018 жылы 1 900 жас маман аймаққа жіберілді. Дәрігер дефицитін жою үшін медициналық оқу орнын мемлекеттік грант бойынша тәмамдаған түлектер ауыл-аймаққа барып үш жыл жұмыс істеуге міндеттелді. Түлектер Enbek.kz порталы арқылы бөлінеді.
Елбасының 2019 жылы 1 маусымнан бастап табысы төмен жұмысшылардың жалақысын 30 пайызға көтеру туралы тапсырмасы орындалды. Медицина қызметкерлерінің жалақысы 2020-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарлама аясында тағы да көтеріледі.
МӘМС жүйесіне қызу дайындық жүріп жатыр. Қазір Медициналық сақтандыру қорына 177 млрд теңге жиналды. Жинақталған қаражаттың 95% жұмыс берушілер, қалған 5% жуығын жеке кәсіпкерлер мен АҚК негізінде еңбек ететін азаматтар аударған.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың мәртебесін анықтау ісі жалғасуда, олар 770 мыңға жуық. Жалпы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру халықтың 95 пайызын қамтиды. МӘМС жүйесін түсіндіру жұмыстары да жалғасуда.
Е. Біртанов министрліктің 2018 жылғы жұмысы Елбасы –Тұңғыш Президенттің тапсырмаларын орындауға бағытталғанын айтты. Биыл МӘМС дайындық және саланы цифрлық жүйеге көшіру міндеті тұр. Медұйымдарды медициналық аппараттармен қамту жұмысы басталады. МСАК қолжетімділігін қамтамасыз ету әріқарай жалғасады. «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің жаңа жобасы мен 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламаны Үкіметке таныстыру жоспарланған.