
ҚР Үкіметі келесі жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) мен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) аясында көрсетілетін медициналық көмектің тізімін бекітті.
«Екі пакеттің айырмашылығы мынада: «ТМККК минималды әлеуметтік стандарт болып саналады, оған жедел және шұғыл көмек, медициналық-санитарлық алғашқы көмек, ауруды бақылау сынды қызметтер кіреді. Ал қалған медициналық көмектің барлығы МӘМС бойынша көрсетіледі. ТМККК жаңа тізімі жасағанда медициналық қызметтер егжей-тегжей, толық тексеруден өтті», - деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
«Министрлік жаңа пакетті медицина қауымдастығымен бір жарым жыл талқылады, сатып алу, төлеу, мониторингті бірлесіп бекітті. Түсіндіру жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады, ал МӘМС жүйесіне дайындық жоғары деңгейде жүруде», - деді министр. Жаңа пакеттер бойынша қызмет көрсету күзден бастап пилоттық режимде белгілі бір аймақта тексеруден өтеді.
«Бұл кемшіліктерді алдын ала анықтауға және 2020 жылы МӘМС толық жүзеге асқан кезде пайда болған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді», - дейді Елжан Біртанов.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 2020 жылдан бастап Қазақстан бойынша жүзеге асады.
«Келесі жылы бюджеттен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін медициналық көмекке 1 620 млрд теңге қарастырылған», - деді «Медициналық әлеуметтік сақтандыру» ҰАҚ басқарма басшысы Айбатыр Жұмағұлов.
Жалпы, ТМККК бойынша еліміздің барлық тұрғынына жедел медициналық көмек, санитарлық авиация, жедел стационарлық көмек, паллиативті көмек қарастырылған.
Бұған қоса, әлеуметтік маңызы бар ауруларға, созылмалы дертке консультативтік-диагностика, амбулаторлық жағдайда дәрі-дәрмекпен қамту, жоспарлы және стационарлық көмек, сонымен қатар, туберкулезге қарсы медициналық реабилитация жасау кіреді.
МӘМС пакетінде консультативті-диагностикалық көмек, қымбат зертханалық қызметтер, ТМККК бөлек амбулаторлық жағдайдағы дәрі-дәрмекпен қамту, стационардың орнын басатын көмек, жоспарлы стационарлық көмек, медициналық реабилитация және қалпына келтіру бар.
Естеріңізге салсақ, ТМККК республикалық бюджет есебінен Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры қаржыландырады. Ал МӘМС жүйесі бойынша медициналық көмек актив есебінен көрсетіледі. Бүгінде Қазақстан бойынша қорға 176,7 млрд теңге жиналды. Бұл қаржы Ұлттық банкте сақтаулы тұр. Ол 2020 жылдан бастап медициналық қызметтің ақысын төлеуге жіберіледі.