
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана балет» театрында мыңнан астам медицина қызметкері, денсаулық сақтау саласының ардагерлерінің қатысуымен Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара болды. Жылда маусымның үшінші жексенбісінде дәрігерлер дәстүрлі түрде кәсіби мерекесін атап өтеді.
Денсаулық сақтау министрлінің жауапты хатшысы Болат ТөкежаноВ медицина қауымдастығын кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, Елбасының 2050 Стратегиясындағы негізгі мақсаттарға жету жолында және 30 дамыған елдің қатарына қосылу үшін жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
Стратегияның басты міндетінің бірі - заманауи, қолжетімді және жаңа технология енгізілген медицинаны дамыту. Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласының жалпы шығыны ІЖӨ 5% дейін өседі деп жоспарлануда және 2025 жылға дейінгі мемлекеттік денсаулық сақтау бағдарламасы қабылданған.
Жауапты хатшы Болат Төкежанов: «Болашақ ұрпақтың, жалпы ұлттың денсаулығына тікелей қатысы бар дәрігерлер жылы сөз бен бар құрметке лайық», - деді.
Қазір Қазақстанда экономика мен әлеуметтік пргресстің басты факторы ретінде денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінуде.
Денсаулық сақтау жүйесі экономиканың маңызды саласы және халықтың әлеуметтік жағдайының индикаторы саналады, ал адам денсаулығы – экономиканың іргетасы. Бүгінде елімізде диагностика мен емдеудің қолжетімді жаңа технологиясы дамуда. Елімізде заманауи клиникалар салынуда. Медициналық білім беру мен ғылымды модернизациялау жұмыстары жүргізілуде.
Биыл «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аяқталады. Осының арқасында денсаулық сақтау саласындағы жағдай тұрақталып, халықтың негізгі медициналық-демографикалық көрсеткіші жақсарды. Бұған медицина қызметкерлерінің еңбегі зор.
Елбасының әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу туралы тапсырмасын орындау үшін бар жағдай жасалған.
Медициналық қызметкерлердің тәжірибесі, олардың кәсіби біліктілігі, білімі мен шеберлігі адам өмірі мен денсаулығына, қоғамның тұрақты дамуына тікелей әсер етеді.
Айта кету керек, жыл сайын медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында «Денсаулық сақтау жүйесінің үздіктер» атты республикалық байқау жарияланады. Биыл конкурс мына номинациялар бойынша өтті: «Үздік дәрігер», «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін үздік дәрігер», «Үздік ауыл дәрігері», «Үздік провизор», «Денсаулық сақтау саласының үздік менеджері», «Қоғамдық денсаулық сақтау саласының үздік маманы», «Медициналық ЖОО үздік оқытушысы», «Үздік санитар-эпидемиолог», «Үздік сарапшы санитар-эпидемиолог», «Үздік тәуелсіз сарапшы», «Денсаулық сақтау саласының үздік әлеуметтік қызметкері», «Медициналық колледждің үздік оқытушысы», «Денсаулық саласындағы үздік ғалым», «Денсаулық саласындағы үздік жас зерттеуші», «Үздік медбике», «Үздік фельдшер».
Жүзден жүйріктерге мерекелік шара барысында диплом мен естелікке сыйлықтар табысталды. Жеңімпаздарды салтанатты жиынға келген қонақтар: ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері марапаттады.
Денсаулық сақтау жүйесіне үлкен үлес қосқан қызметкерлерге ҚР Үкіметінің Алғыс хаты жарияланды.
Салтанатты жиын мерекелік концертпен аяқталды.