
Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының әкімдері ірі инвестициялық компаниямен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ауруxана салу туралы меморандумға қол қойды.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен «YDA Holding» түрік компаниясы басқарма басшысы Арслан Хусейн МЖӘ аясында қарым-қатынас туралы келісімге қол қойды.
Сонымен қатар, Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев пен «BI-Holding» Бақылаушы кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев "YDA Holding» басқарма басшысы Арслан Хусейнмен ауруxана құрылысына қатысты меморандумға қол қойды.
Айта кету керек, бұл аймақтарда ескірген және қазіргі талаптарға сай келмейтін нысандардың орнына 500 адам сиятын ірі заманауи ауруxаналар салынады деп жоспарланған.
Қазақстанда аймақтардағы денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жоспарына сай, аталған салаға 2025 жылға дейін 1 трлн. теңге инвестиция қажет. Бұл қаржының көбі тозығы жеткен 60 медициналық мекеменің орнына салынатын 17 ірі көпбейінді ауруxананың құрылысына жұмсалады. Оның ішінде 6 жоба басты назарда:
1) Алматы қаласындағы ҚазҰМУ жанынан 1200 орындық университеттік біріккен ауруxана ашу (ескірген 5 ҰЗИ/ҰО орнына);
2) Алматыда ҚазҰМУ жанынан 300 орындық көпбейінді ауруxана салу (xалық санының өсуіне байланысты);
3) Қарағандыда ҚарМУ жанынан 300 орындық ауруxана (ескірген нысан орнына);
4) Нұр-Сұлтан қаласында 500 орындық көпбейінді ауруxана салу (істеп тұрған 3 ескі нысанның орнына);
5) Петропавл қаласында 500 орындық облыстық көпбейінді ауруxана ( 7 тозығы жеткен нысанның орнына);
6) Түркістан қаласында 600 орындық көпбейінді ауруxана құрылысы (ескірген 3 нысанның орнына).
Денсаулық сақтау министрлігі мен Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) жүргізген стратегиялық сараптама Қазақстанда жүзеге асатын МЖӘ аясындағы инфрақұрылымдық жобалардың потенциалы жоғары екенін көрсетті.
Аталған жобалар жүзеге асса, ауруxана секторындағы инфрақұрылым жаңарады, азаматтарға қысқа уақытта сапалы медициналық қызмет қолжетімді болады, Орталық Азия мен ТМД мемлекеттері үшін медициналық туризмге жол ашылады.
Естеріңізге салсақ, бұл шара Елбасының денсаулық сақтау саласындағы МЖӘ жобасын жүзеге асыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асуда.