Азаматтарды МӘМС жүйесіне тіркеу жұмыстары аяқталып келеді

Азаматтарды МӘМС жүйесіне тіркеу жұмыстары аяқталып келеді

31 мамырда Денсаулық сақтау министрлігінде  вице-министр Олжас Әбішевтың төрағалығымен және  бірқатар орталық, жергілікті мемлекеттік атқарушы орган өкілдерінің  қатысуымен  Ведомствоаралық комиссияның МӘМС жүйесіне дайындық жұмыстарын пысықтауға арналған жиыны өтті.

Отырыста тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа үлгісі және МӘМС пакеті, оларды қаржыландару, Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне жеңілдігі бар азаматтардың  15  санатын, сондай-ақ, МӘМС жүйесіне  ақша аудару, жарна төлеуден босатылған азаматтарды енгізу мәселесі сөз болды.

МӘМС үйлестіру департаментінің директоры Азамат Өміртаевтың айтуынша,  МӘМС жүйесі  ТКМККК жаңа үлгісі аясында жүзеге асады да, әр азаматтың денсаулығын жақсарту үшін жұмыс істейді.

Жиын барысында Біріңғай жиынтық төлем төлеп және өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді МӘМС жүйесіне қосу мәселесі талқыланды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, азаматтарды рәсімдеу аяқталып келеді. 28 мамырда Біріңғай жинақтық төлем жүйесіндегі салымшылардың саны 101 158 адамға жеткен. Олар 256 млн теңге аударған.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар 2019 жылы 1 қаңтардан БЖТ 1 АЕК, яғни 2 525 теңге аударады. Ал ауыл тұрғындары 1263 теңге төлейді, олар үшін төлемнің 40% МӘМС қорына мемлекет аударады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сай,  10,9 миллион адам жеңілдігі бар азаматтардың 15 санатына  кірді. Олар үшін Медициналық сақтандыру қорына мемлекет ақша аударады. Қазір 5,7 млн адамға жұмыс беруші жарна төлеп отыр. 800 мың адам салық органында жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.

2018 жылдың 1 қаңтарында  2,7 млн астам адамның  әлеуметтік мәртебесі белгісіз болған, ал биыл 1,9 млн азаматтың мәртебесі анықталды.

Жиын соңында жаппай  медициналық сақтандырумен қамту үшін азаматтарды рәсімдеу ісін жалғастыру тапсырылды. Сонымен қатар, жауаптылар жеңілдігі бар жаңа екі санатқа кіретіндерді анықтауы тиіс.

2020 жылы 1 қаңтарда Медициналық сақтандыру қорындағы қаржы  241,4 млрд теңге болады деп жоспарлануда.