Баланың жазғы демалысының шырқын бұзса, бізге хабарласыңыз!

Баланың жазғы демалысының шырқын бұзса, бізге хабарласыңыз!

Денсаулық сақтау министрлігі лагерьлердегі балалар демалысының сапасын  бағалауға арналған жедел желіні іске қосады. Ата-аналар 3 маусымнан бастап 8(7172)74-18-64 нөміріне хабарласып, демалыс орындарындағы жағдайды, тамақтың сапасы, лагерьдегі заңбұзушылықтарға қатысты  шағымдануға, пікір қалдырып, ұсыныс айта алады.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров жазғы лагерлерьдегі балалар демалысының қауіпсіздігі үшін санитарлық-эпидемиологиялық  қызмет қандай жұмыстар атқарып жатқанын баяндады.

Вице-министрдің айтуынша, балаларға арналған  7 мың сауықтыру орталығы, қала сыртында орналасқан  236 балалар лагері министрліктің бақылауында тұр.

«Бәріңізге белгілі, ата-аналар  ұл мен қызының жазғы демалысы үшін лагерь таңдағанда, ең алдымен тұратын жері мен тамағына мән береді.  Соңғы 3 жылда лагерьлердегі азық-түлік сапасы тұрақты, сауықтыру орталықтарында жаппай астан улану тіркелген жоқ», -деді вице-министр.

Министрлік сауықтыру орталықтарының дайындығы мен жұмыс істеуге рұқсат ететін  құжаттарды әзірлеу  бойынша бірқатар  шаралар  атқаруда. Тауарлар мен қызметтің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің сайты санитарлық-эпидемиологиялық тексеруде өткен мекемелердің мониторингін апта сайын жаңарып отырады. Барлық талапқа сай, балаларға жайлы демалыс ұйымдастыруға қауқарлы лагерьлердің  тізімін  комитеттің сайтынан қарауға болады.

Еліміздің оңтүстігіндегі (Шымкент, Алматы қаласы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарындағы) сауықтыру мекемелері маусымның 1-і мен 10-ы аралығында, өзге өңірлерде маусымның 15-і мен 20-сы аралығында  ашылады деп жоспарланған.