
Астана Экономикалық форумы барысында «Денсаулық сақтау саласындағы адам капиталын дамыту» тақырыбында пленарлық сессия өтті. Жиында сөз сөйлеген «Астана медициналық университетінің» ректоры Павалкис Дайнюс: «Қазақстандағы әрбір медициналық оқу орнының университеттік клиникасы болуы тиіс»,- деді. Яғни, студент оқу жылының жартысынан көбін лекцияға емес, практикаға жұмсағаны жөн.
Павалкис Дайнюс: «Мысалы, Литвада резиденттер 8 жылды практиға, 1 жылды теория арнайды. Ал Астана медициналық университетінде оқу жылының бір бөлігін теорияға, бір бөлігін практикаға, бір бөлігін өзіндік білім алуға жұмсайды».
Дайнюстің пікірінше, бұрын-соңды науқаспен тікелей қарым-қатынас жасамаған, операцияға қатысып, емдеу әдісін көзбен көрмеген болашақ дәрігер бәсекеге қабілетті бола алмайды. Бірінші курстан бастап, резидентураға дейін университеттік клиникада тәжірибе жинаған маман пациентке де, мемлекетке де пайдалы.
«Көп жағдайда жұмысшы жұмыс берушінің үмітін ақтамайды. Мамандардың білімі мен біліктілігі талапқа сай емес. Ал бұл мәселенің мәні мынада – ЖОО студенттің болашақта жұмысқа орналасуына емес, еңбекке деген қабілеттігіне көңіл бөлуі тиіс. Осы әдіске көшкен шетелдік университеттер жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр», - деді Павалкис Дайнюс.
Павалкис Дайнюсәлемдегі ешбір экономикалық форум білім саласын назардан тыс қалдырмайтынын айтты. Қазақстан да білімге салынған инвестицияның түбінде ұлт болашағы жатқанын жақсы түсінеді. Сондықтан бүгінгі Астана экономика форумында да медициналық университеттердегі оқыту әдісі терең талқыланды, - деді ректор.
Сондай-ақ, сессияда Павел Черных та баяндама жасады. Ресейден келген сарапшы заман талабына сай және жоғары сұранысқа ие болу үшін кез-келген маман өмір бойы оқуға мәжбүр деген пікір айтты. Қазіргі ғаламдық жаңа өзгеріс осы ұстанымға саяды.
Индустриялық экономикада еңбек нарығына шығу үшін мемлекеттік бағдарлама бойынша кәсіби білім алу маңызды еді. Ал бүгінде білім беру экономикасы мен сандық технологияда бір рет алған білім жеткіліксіз. Адам біліктілігін үнемі жаңартып, жетілдіріп отыруға міндетті. Бұл әдіс медициналық қызметтің сапасын жақсартуға және әлеуметтік саланың тұрақты дамуына мүмкіндік береді.