ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде жаңа Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті құрылды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде жаңа Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті құрылды

ҚР Үкіметі 2019 жылы 10 сәуірде «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің кейбір мәселелері туралы» №177 қаулысына қол қойды.

Құжатқа сәйкес, Қоғамдық денсаулық сақтау комитететі мен Фармация комитеті бірігіп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті болып  қайта құрылды.

Аталған қаулыға сәйкес,  жаңа комитет мынадай міндеттер атқарады:

- адам денсаулығына әсер ететін тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігі;

- медициналық қызметтердің сапасы;

- дәрі-дәрмек айналымы, оның ішінде дәріханалардағы бөлшек сауда  бағасын  бақылау;

- халықтың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын жақсарту.

Жаңа ведомство медициналық қызметтердің сапасын қадағалайды, дәрілік заттардың айналымы мен елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылайды.

Комитеттің  құрамында 250 аумақтық департамент пен басқарма бар.  9 обаға қарсы күрес станциясы және 2 ұлттық орталық - «Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК, «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК да ведомство қарамағында. 

Естеріңізге сала кетейік, бұл комитет ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асыру мақсатында құрылды.