
Ағымдағы жылғы 3 сәуірде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің төрағалығымен МӘМС енгізу бойынша ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиында МӘМС бизнес-процессін автоматтандыруға қатысты бірқатар мәселелер, жеңілдігі бар азаматтар жайлы мәліметті сәйкестендіру үшін ақпараттық жүйені біріктіру, әскерилерді, құқық қорғау органдары, арнайы жасақ қызметкерлері мен Медициналық сақтандыру қорына ақша аудару, жарна төлеуден босатылған өзге де азаматарды есепке алу механизімі талқыланды.
ҚР 2015 жылғы 16 қарашадағы "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру" заңына сай, жеңілдігі бар азаматтар 13 санатқа бөлінген. Олар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Бүгінде мұндай санаттағы азаматтардың саны 10,3 млн. адам немесе жалпы халықтың 56 пайызын құрайды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі осындай жеңілдігі бар санаттағы азаматтарды тіркеуге алуды автоматтандыру қажет деп есептейді және табысы төмен отбасыларға медициналық көмек қолжетімді болу үшін 2020 жылдың қаңтарынан бастап МӘМС жүйесіндегі жеңілдігі бар 13 санаттың қатарына жұмыссыздарды, бірінші топтағы мүгедекті бала күнінен күтіп отырғандарды, мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатын жандарды да қосуды ұсынады.
Аталған ұсыныстар "ҚР кейбір заң актлеріне арнайы экономикалық және индустриялық аймақ, инвестиция тарту, экспортты дамыту туралы мәселелер бойныша өзгеріс енгізу туралы" Заң жобасына кіргізілген.
Заңға енгізілген бұл ұсыныстар қабылданса, әлеуметтік жағдайы төмен халыққа МӘМС бойынша медициналық көмек қолжетімді болады. Сақтандыру бойынша азаматтарға профилактикалық медициналық бақылау (Check-up), медициналық оңалту, жоспарлы стоматологиялық көмек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту, стационарлық көмек, қымбат диагностикалық қызметтер (КТ, МРТ, ПЦР және т.б.) көрсетіледі.
Медициналық сақтандыру қоры биыл толық сандық жүйеге көшіп, 2019 жылдың соңына дейін медициналық көмек көрсететін мекемелермен келісімді тегіс электронды форматқа ауыстырады. Емханаға тіркелу де автоматтандырылады, сонда адамның медициналық мекемеге баруы міндетті болмайды. Электронды формат МӘМС қатысушылардың снаты туралы ақпарат алу, Медициналық сақтандыру қорына аударылған қаржы жайлы e-Gov порталынан мәлімет алуды да жеделдетеді.
МӘМС ензігу бойынша ведомствоаралық комиссияның келесі отырысында ТМКК және МӘМС пакетінің жаңа моделін енгізу, оның бюджеті, жеңілдігі бар санаттағы азаматтарды, әскерилер мен арнайы жасақ қызметкерлерінің құрамын қаржыландыру мәселесі талқыланады.