
Бүгінгі таңда Назарбаев Университетінің Медицина мектебінің базасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің жобасын жария талқылау бойынша Қоғамдық тыңдаулар басталды.
Түзетулер Қазақстанның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмалары шеңберінде әзірленуде. Мемлекет басшысы жаңғырту негізі ретінде адами капиталға ерекше назар аударып отыр. Осыған байланысты Кодекс бойынша жұмыста басты назар бірінші сыныпты денсаулық сақтау жүйесін құруға және ұлт денсаулығын нығайту шараларына шоғырланатын болады.
«Біздің алдымызда ұлт денсаулығын нығайту, халықтың өмір сүру ұзақтығын өсіру және медициналық технологияларды дамыту; қазіргі заманғы денсаулықты қымбат тұратын стационарлық емдеу емес, керісінше аурулар профилактикасына бағыттау; қоғамдық денсаулықты басқаруды күшейту, салауатты өмір салтын насихаттау және жастардың репродуктивті денсаулығын нығайту; мемлекет үшін тиімділігі аз және шығыны көп диспансеризациядан қазіргі заманғы цифрлық технологияларды пайдалана отырып, негізгі созылмалы ауруларды басқаруға көшу; медицинаны дербестендіру, цифрландыру және жасанды интелект мәселелері сияқты маңызды міндеттер тұр», - деп атап шықты Заң қызметі департаментінің директоры Талғат Тұрмағамбет.
Негізгі басымдықтар – сапалы және қолжетімді медициналық қызметтерді ұсынуды қамтамасыз ету; аурулардың барынша кең спектрін диагностикалауды және емдеуді қамтамасыз ету; «смарт-медицина», қашықтықтан профилактика және емдеу, «электронды медицина» қызметтерін енгізу; 16 жасқа дейінгі барлық балаларды медициналық қызмет көрсетудің барлық спектрімен қамту; медициналық жоғары оқу орындары жұмысының практикалық ғылыми-зерттеу бөлігіне бірінші кезекте назар аудару, осы бағытта мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту.
Бұдан басқа, жеке медицинаны дамыту үшін жағдайлар жасау және медициналық ЖОО мен мекемелерге халықаралық аккредиттеу жүргізуді заңнамалық деңгейде бекіту көзделген.
Кодекстің басқа да маңызды міндетінің бірі өмір сүрудің жоғары сапасын қамтамасыз ету болып табылады. Осының шеңберінде денсаулықтың сапасын дамыту бойынша бірқатар шаралар қабылданатын болады. Бұл саланы цифрландыру; аурулар профилактикасына және оларды ерте сатысында басқаруға қайта бағдарлау; негізгі созылмалы және онкологиялық ауруларды басқару; МӘМС жүйесін енгізу; МСАК және бәсекелес ортаны дамыту; медициналық және фармацевтикалық білім мен ғылымды жаңғырту; медициналық қызметкерлерді лицензиялау және сақтандыру жүйесін енгізу; дәрілік саясатты жетілдіру.
Қоғамдық тыңдауларға мүдделі мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, бейінді қауымдастықтар мен жеке компаниялардың өкілдері, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының, аумақтық департаменттердің басшылары, денсаулық сақтау сарапшылары және басқалар қатысты.