
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, орталық аппараттың, құрылымдық бөлімшелердің, аумақтық департаменттердің және министрлікке қарасты ұйымдардың атынан Қазақстан Республикасы Президентiнiң Ic Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының басшысы Әмiр Амантайұлы Ахетовтің 2019 жылғы 3 ақпанда мезгілсiз өмірден өтуіне байланысты туған – туыстары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтады.
Әмiр Амантайұлы тәжірибелi дәрігер ғана емес, ел азаматы болудың қиындығымен қызығын қатар көрген, халықтың денсаулығын жақсарту жолында барлық өмірін арнаған бір тұлға азамат деуге болады.
Оның бойында нағыз дәрігерге тән ең жақсы адами қасиеттер бар еді. Әмiр Амантайұлы отандық денсаулық сақтау саласындағы жауапты қызметтер атқара жүрiп, өзінің аса жоғары ұйымдастырушылық қасиеттерінің, мол тәжірибесінің, үздіксіз шығармашылық ізденістерінің арқасында, отандық денсаулық сақтау саласына зор үлесін қосты.
Әмiр Амантайұлының тікелей басқаруымен көп маңызды жүйелі жобалар іске асырылды.
Ол нағыз патриот адам еді, бүкіл саналы ғұмырын өзі сүйген отанына қызмет етуге арнады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері және еліміздің бүкіл медицина қауымдастығы Әмiр Амантайұлы Ахетовтің мезгілсiз өмірден өтуіне байланысты туған – туыстары мен жақындарына, қайғырып көніл айтады.
Ізгіліктің иесі, жақсылықтың киесі болған Әмiр Амантайұлының жарқын бейнесі келер ұрпаққа үлгі ғана емес, біртуар азамат ретінде әріптестері мен достарының есінде мәңгі есте қалары сөзсіз!