
Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде үкіметтік емес ұйымдардың, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының, астаналық экология, қоғамдық денсаулық сақтау департаменттерінің, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының, отын-энергетикалық кешен мен коммуналдық шаруашылық басқармасының, сондай-ақ басқа да мүдделі органдар мен ұйымдардың қатысуымен ҚР ДСМ Жауапты хатшысы Болат Төкежановтың төрағалығымен Астана қаласында жаңа Ұлттық ғылыми онкология орталығын құрылысы мәселелері туралы қоғамдық тыңдау өтті.
Өз кезегінде «Қазэкоэксперт» ЖШС өкілі құрылыс жобасы бойынша қоғамдық тыңдауларға экологиялық сараптама нәтижелерін ұсынды.
Экологиялық сараптаманың мәліметтері бойынша аталған орталықтың құрылысы ауданның экологиялық жағдайына және қоршаған табиғи ортаның ластануына елеулі әсер етпейді. Ұлттық ғылыми онкология орталығы одан әрі пайдалану қаланың осы ауданындағы экологиялық жағдайдың нашарлауына әкелмейді.
Ұлттық ғылыми онкология орталығы басқарма төрағасының орынбасары Дәулет Байпейісовтың айтуынша 2018 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Астана қаласында Ұлттық ғылыми онкология орталығын құру жұмысын бастады. Мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдармен бірлесіп, 2018-2020 жылдарға арналған Жол картасы іске асырылуда. Онкология орталығы құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде. Объектіні жобалауға арналған техникалық тапсырма, медициналық-технологиялық тапсырма әзірленді» - деді ол.
Сондай-ақ, Дәулет Байпеиісов ұлттық ғылыми онкология орталығын құрудың проблемалық мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін тұрақты жұмыс тобы құрылғанын атап өтті. Бүгінгі күні сәулелі терапия, радиохирургия, протондық терапия және брахитерапия көмегімен онкология ауруларын емдеу үшін медициналық жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз ету өндірісінде әлемдік көшбасшылармен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалып, іске асырылуда. Ұлттық ғылыми онкология орталығының қызметіне енгізілетін технологиялардың көптеген түрлері Қазақстанда бұрын ұсынылмағанын атап өтті.
Бұдан басқа, «Ұлттық ғылыми онкология орталығы» ЖШС-нің Басқарма төрағасы орынбасарының айтуынша жетекші шетелдік онкология орталықтармен және университеттік клиникалармен (Англия, Германия, Жапония, Италия, Оңтүстік Корея, АҚШ) Ынтымақтастық туралы меморандумдар жасау жұмыстары жүргізілуде. Ынтымақтастық шеңберінде онкологиялық ауруларды емдеу мен диагностикалау үшін инновациялық технологиялар трансферті, сондай-ақ, онкология қызметінің мамандарын оқыту жүзеге асырылады».
Орталық сәулелік және протон терапиясын, оның ішінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің тиімді моделін қолдана отырып, көрсету үшін заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен жарақтандырылатын болады.
Аталған ұлттық ғылыми онкология орталығы, онкология мәселелері бойынша клиникалық, ғылыми-зерттеу және білім беру қызметін біріктіретін үлгілі инфрақұрылымы бар халықаралық деңгейдегі Орталық Азиядағы жетекші онкология орталығына айналдыру жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық ғылыми онкология орталығын құру жұмысын Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» 2018 жылғы 10 қаңтардағы және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен өмір сүру сапасын арттыру» 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына жалдауларында айтылған тапсырмасын іске асыру үшін жүргізуде.
Ұлттық ғылыми онкология орталығы халықты озық халықаралық тәжірибе негізінде қатерлі ісіктермен ауруларды ерте диагностикалау мен емдеудің жоғары тиімді және жоғары технологиялық әдістерімен қамтамасыз етуге бағытталған. Жыл сайын Қазақстанда қатерлі ісік ауруларының 35 мыңнан астам жаңа жағдайы тіркеледі. Қазақстанның 170 000-ға жуық тұрғыны қатерлі ісік ауруларына байланысты есепте тұр. Қатерлі ісіктермен аурудың таралуы жаһандық деңгейге, бұл пациенттердің қатерлі ісіктерді емдеу мен диагностикалаудың қазіргі заманғы және прогрессивті әдістеріне қол жеткізуді арттыру қажеттілігін талап етеді.
Анықтама үшін:
Ұлттық ғылыми онкология орталығында жыл сайын жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолдана отырып, 6000-ға жуық пациент стационарлық көмек жағдайында және 30 000-нан астам пациент амбулаториялық көмек жағдайында медициналық көмек алатын болады. Заманауи сәулелік терапия 4000 науқасқа көрсетілетін болады.
10000-нан астам пациент ядролық медицинаны қолдана отырып, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеу мүмкіндігіне ие болады.