
Бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың төрағалығымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Орталық және жергілікті атқару органдары қатысқан жиында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық сақтандыру жүйесін толыққанды енгізуге дайындық барысы талқыланды.
Жиын барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева 2018 жыл соңында «Қазақстан республикасының бірқатар заң актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заңмен қабылданған Тегін медициналық көмек пакетінің (ТМККК) жаңа үлгісі және МӘМС пакетіне енетін қызметтер тізімімен таныстырды.
ТМККК пакетінің жаңа үлгісі мен МӘМС жүйесін енгізе отырып, үш деңгейлі медициналық қамсыздандыру жүйесін қалыптастыру ұсынылып отыр, деді вице-министр.
Ләззат Ақтаеваның айтуынша, кепілдендірілген тегін медициналық көмек халықты ең минималды әлеуметтік стандарттармен қамтамасыз етеді. Ал, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ТМККК пакетіне кірмеген қызметтер мен жаңа қызмет түрлері көрсетілмек. Медициналық көмектің қосымша көлемі ерікті сақтандыру мен ақылы қызмет арқылы көрсетілуі тиіс.
Нақтырақ айтар болсақ, сақтандырылған азаматтар МӘМС пакеті шеңберінде консультативтік-диагностикалық көмекке қол жеткізеді. Оған: мамандардың қабылдауы, зерттеулер, бағасы қымбат болып келетін лабораториялық зерттеулер, ересектер мен балаларды профилактикалық тексеруден өткізу т.б. жатады.
Өткір және созылмалы аурулар кезінде стационарды алмастыратын көмек, амбулаторияда жасалатын жоспарлы хирургиялық операциялар мен негізінен күндізгі стационарда емделетін ауруларға қатысты манипуляциялар МӘМС жүйесі арқылы қаржыландырылатын болады.
ТМККК пакетінің жаңа үлгісі келесі жылдың басынан бастап МӘМС жүйесімен қатар іске қосылмақ.
Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда ТМККК пакетіне бөлінетін қаржы жеткіліксіз. Атап айтқанда, тегін медициналық көмекке 360 млрд теңге тапшы. Ал, азаматтар қалтасынан шығатын жеке шығындардың 30 пайыздан астамы ТМККК пакетіне енгізілген медициналық қызметтерді сатып алуға жұмсалады. Салдарынан тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтар қаржылық тәуекелдерден тиісінше қорғалмаған.
Отырыс барысында мәліметтер базасын жаңарту, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды рәсімдестіру, жарналар мен аударымдарды әкімшілендіру, қаржылық модельді жаңғырту сынды МӘМС жүйесіне қатысты бірқатар мәселелер де сөз болды. Бұл іс-шаралардың бәрі де 2019 жылға арналған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге қатысты тәуекелдер туралы кешенді ведомствоаралық жоспарда қамтылған.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекова ұйымның 2018 жылы атқарған жұмыстары мен 2019 жылға белгіленген міндеттері жайлы есеп берді.
Айтуынша, биыл республикалық бюджеттен медициналық көмек түрлерін сатып алуға 972,2 млрд теңге бөлінген. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 5 пайыз артық.
Қор емханалық-амбулаторлық көмек түрлерін сатып алуға жұмсалатын қаржыны 13 млрд теңгеге, онкологиялық ауруларды емдеуге жұмсалатын қаржыны 8,8 млрд теңгеге арттыруды көздеп отыр.
Сонымен қатар, биыл Денсаулық сақтау министрлігі шетелде емдеу мен жоғары технологиялы бірегей қызметтерді әкімшілендіру функциясын да Қорға бермек. Нәтижесінде қаржыландыру көлемі қосымша 5,6 млрд теңгеге артуы тиіс.
«Биылғы жылы ауруды басқару және патронаж бағдарламасын енгізу шеңберінде учаскелік қызметкерлерге қосымша ынталандыру ақысын төлеу көзделіп отыр. Аталған мақсатқа 5,3 млрд теңге қарастырылған. Оған қоса, биылғы бюджетте жалақысы төмен қызметкерлердің айлығын өсіруге 25,9 млрд теңге бөлініп отыр», - деп түсіндірді ол.
Ботагөз Жақселекованың сөзіне сүйенсек, бөлінген қаражат аздап өскеніне қарамастан, денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржы тапшылығы мәселесі жойылған жоқ. Сондықтан Қор халыққа үздіксіз қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету мақсатында қосымша қаржы бөлу мәселесін күнтәртібіне шығармақ.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды Бірыңғай әлеуметтік салық төлеу арқылы әлеуметтік қамсыздандыру, соның ішінде, МӘМС жүйесіне тарту мәселесі жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің өкілі айтып берді.