
Бүгін Астанада Алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі «Алматыдан денсаулық сақтау қызметтерінің жалпыға бірдей және тұрақты даму мақсаттарына дейін» ДДСҰ-ның МСАК бойынша Алматы декларациясының 40 жылдығына арналған Жаһандық конференцияның делегаттары мен қонақтары «Сөзден іске/WalktheTalk/От слов к делу» акциясына қатысты.
Акция өткізудің мақсаты: халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін физикалық белсенділікті насихаттау, күнделікті физикалық белсенділікке деген ұмтылысты қалыптастыру, халықтың денсаулығын қорғауға барлық мүдделі тараптардың күштерін біріктіру, денсаулықты нығайту, атап айтқанда, «Health for all» аясында физикалық белсенділікті арттыру мақсатында Жаһандық қозғалысқа қолдау көрсету.
Іс-шара қатысушыларының алдында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, ДДСҰ-ның Бас директоры Тедрос Гебрейесус, БҰҰ ЮНИСЕФ Балалар қорының Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Афшан Хан құттықтау сөз сөйледі.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов барлық акцияға қатысушаларға өз кезегінде алғыс білдіріп, Алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі Алматы декларациясының 40 жылдығына арналған жаһандық конференция аясында ұйымдастырылып отырған «Сөзден іске/Walk the talk /От слов к делу» акциясына хош келдіңіздер» – деді.
«Осы тұрғыда айтайын дегенім, әр адамның аман-сау болуы әуелі өз қолында, одан кейін ғана дәрігерлерге байланысты. Ауруларды емдеуге емес, олардың алдын алуына мән беру керек. Денсаулыққа адамның өмір сүру салты, тұтынатын тағамы, дене белсенділігі, әдеттері тікелей әсер еседі.Бүгін өткізіліп отырған іс-шара осы мақсаттарды көздейді – деп толықтырды министр.
Сондай-ақ, министр өз сөзінде бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі – адамдарда сау болу қажеттілігін, өзінің және балаларының денсаулығы үшін жауапкершілікті қалыптастыру, салауатты өмір салтын ұстану және насихаттау»,- деді.
Ол қазақстандықтардың өз денсаулығына деген көзқарасы өзгеріп, сау әдеттерді ұстануы, физикалық белсенділігі байқалатындығын атап өтті және акцияға қатысушыларға іс-шараға қатысып, салауатты өмір салтын ұстанғандары үшін ризашылығын білдірді.
Бұған қоса, Елжан Біртанов грек-рим күресі бойынша олимпиада чемпионы Юрий Мельниченкоға, Гиннес рекордтар кітабына рекорды 7 рет енген, әлемдегі ең үлкен шөлдерді жүгіріп өткен жалғыз адам Марат Жыланбаевқа және «Спарта-Астана» КТК тобының капитаны, РФ-да 2017 жылы өткен Жоғары лигасының жеңімпазы Данияр Жұмаділовке ҚР Денсаулық елшісінің төс белгісі мен сертификаттарын табыстады.
Қатысушылар 1 км және 3 км қашықтықта жүгіруді, сондай-ақ, скандинавтық жүгіруді таңдап, өздерінің дене белсенділігіне деген ұмтылысын көрсетті.
Бағыттар бойынша келесі станциялар ұйымдастырылды:
- ыстық сусындар (кофенің орнына бал қосылған шайдың, судың артықшылығы);
- тамақ - тез сіңетін көмірсулардың орнына пайдалы тамақ өнімдерін тұтыну;
- нұсқаушымен стретчинг, кроссфит сияқты жаттығулар жасау және хореографпен зумба, бачата және тағы басқа билер билеу;
- өмірлік маңызды көрсеткіштерді өлшеу;
- жедел медициналық көмек дағдыларын қалыптастыру және т.б.
ҚР-ның ең алғашқы Денсаулық елшілері: актёр, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Әлімжанов және әнші, кәсіпқой боксшы. "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Ибрагим Ескендір акция барысында ұйымдастырылатын концерттік бағдарламаға қатысты.
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының директоры Уалихан Ахметов қатысушыларға белсенділігі, салауатты өмір салтына ұстанымдары және қызығушылығы үшін алғыс білдіріп, 5 жастан бастап 17 жасқа дейінгі әрбір бала, әрбір жасөспірім күнделікті 1 сағат, ал 18 жастан және 18 жастан асқан ересек адам күнделікті кем дегенде жарты сағат немесе аптасына 150 минуттан 300 минутқа дейін дене белсенділігімен шұғылданса, денсаулықтары нығайып, инфаркт, инсульт, диабет, қатерлі ісік және тағы басқа да аурулардың алдын алатындығын есте сақтау маңыздылығын айтты.