ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдан бастап МАЖ (медициналық-ақпараттық жүйелер) қолданылып жүрген ДҚАЖ (дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ақпараттық жүйелері), пациенттер регистрлерімен және СҚ-Фармацияның Бірыңғай ақпараттық фармацевтикалық жүйесімен интеграциялау арқылы барлық рецептуралық препаратты міндетті түрде электрондық босатуға көшіруді жоспарға енгізді, бұл диспансерлік науқастар есебін жүргізуге және 100% рецептілер жазылымын қамтуға мүмкіндік береді.
Қазақстан дәріханаларында дәрі-дәрмекті дәрігер рецептісі арқылы өткізу ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жаңалығы болып табылмайды. 16 жылдан аса қолданылатын рецептуралық препараттарды рецептісіз өткізуге тыйым салу азаматтардың денсаулығы мен өміріне қатер төндіретін дәрілік заттарды қолдануға бақылауды күшейтуге бағытталған.
2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда дәрілік заттың 8 мыңнан астам атауы тіркелген, олардың 6 мыңнан астамы (77%) дәрігер рецептісі арқылы, 1 мың 800-ден аса атауы рецептісіз босатылады.
Рецепт арқылы сатылатын дәрілерге микробқа қарсы және гормональді препараттар; құрамында есірткі мен психотропты заттар бар дәрілер; жүрек-қантамыр ауруларын, асқазан-ішек жолы ауруларын емдеуге арналған медициналық препараттар, антибиотиктер және т.б. жатады.
Дәрігердің рецептісінсіз дәрумендер, мұрынға тамызатын дәрілер, шәрбаттар, шөптен жасалған шайлар мен жинақтар, суық тиюге қарсы және ауыруды басатын кейбір препараттар босатылады.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Кодексіне сәйкес, дәрігер рецептісі арқылы босатуға арналған дәрілік заттарды рецептісіз сатуға тыйым салынады. Дәріханалық ұйымдарға, соның ішінде аймақтардағы есірткі бизнесіне қарсы күресу басқармаларымен бірлесіп тексеру жүргізу шеңберінде бақылауды ҚР ДСМ Фармация комитетінің аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.
2017 жылы дәрілерді рецептісіз сатқаны үшін 8 млн. теңгеден астам сомада 50-ден аса әкімшілік шара қолданылды (ҚР ӘҚК 426-бабының 1-бөлігі).
2018 жылғы 9 ай ішінде – 20 млн. теңгеден астам сомада 70-тен астам әкімшілік шара қолданылды.
Сонымен қатар, рецептуралық медпрепараттардың рецептісіз босатылу деректері бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін ҚР ДСМ Фармация комитетінің аумақтық бөлімшелеріне хабарласуды сұрайды.
ҚР ДСМ Фармация комитетінің аумақтық бөлімшелерінің байланыс деректері http://kf.mz.gov.kz/ru cайтында орналастырылған.
Анықтамалық: Дәрілерді оңтайлы қолданбау және өзін-өзі емдеу зардаптарының ауқымы – бұл, бәрінен бұрын, дәрігерге уақтылы қаралмау, аурулар асқынулары және улану, тәуелділіктің дамуы, ағзаның осы немесе өзге препаратқа сезімталдығының төмендеуі және т.б. сияқты медициналық препараттардың жанама әсерлерінің жоғары қаупі.
Сонымен, медицинаның үздік жетістіктерінің бірі болып табылатын және миллиондардың өмірін құтқарған антибиотиктер тиімсіз қолданылған кезде аллергиялық реакцияларға, бронх демікпесінің ауыр түрлеріне, жүрек, бүйрек, бауырдың күрделі ауруларына, балалардағы туа біткен ақаулардың дамуына себеп болуы мүмкін.
Бұдан басқа, антибиотиктерді бақылаусыз қолдану микроорганизмдердің оларға төзімділігінің тез қалыптасуына алып келеді.
