Ұлттық сараптау орталығы медициналық препараттардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін үш деңгейлі бақылау жүргізеді

Ұлттық сараптау орталығы медициналық препараттардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін үш деңгейлі бақылау жүргізеді

14 қыркүйекте Алматыда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын ұлттық сараптау орталығы» ШЖҚ РМК (ДЗҰСО) Сынақ орталығының зертханалары бойынша баспасөз туры өткізілді, оның барысында БАҚ өкілдері баспасөз туры шеңберінде медициналық препараттардың дәріханалық желіге түсуіне дейінгі сынақтарын өткізу үдерісінің қалай өтетініне куә болды.

ЕАЭО (Еуразиялық экономикалық одақ) мәселелері жөніндегі өкілетті өкіл Ақмарал Қабденованың сөздері бойынша, «дәрілік заттардың уақтылы және сапалы сараптамасы Қазақстанның қауіпсіз, тиімді және сапалы дәрілік препараттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етудің міндетті шарты болып табылады».

Сынақ орталығының директоры Татьяна Абрамова Қазақстан Республикасының мемлекеттік фармакопеясының талаптарына сәйкес келмейтін дәрі-дәрмектерді нарыққа жібермеу мақсатында зертханаларда физикалық-химиялық, иммунобиологиялық, токсикологиялық, микробиологиялық және басқа сынақтар өткізілетінін мәлімдеді.

Жалпы алғанда, Орталықта дәрілік препараттардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылауға арналған 1000-нан астам бірлік құрал-жабдық бар. Зертханалардың орынжайлары мен жұмыс аймақтары халықаралық стандарттарға сәйкес жабдықталған және өзінің жан-жақты қамтылуы жағынан еуропалық аналогтарынан кем түспейді.

2015 жылы Сынақ орталығына дәрілік препараттардың физикалық-химиялық сынақтары бойынша EDQM/MJA-093 (European Directorate for the Quality of Medicine) аккредитациялық аттестаты берілді, ал 2018 жылғы шілдеде Орталық медициналық мақсаттағы бұйымдардың физикалық-химиялық сынақтары және дәрілік препараттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың биологиялық сынақтары тұрғысынан аккредитациялау саласын кеңейту және қолданылатын аттестатты растау мақсатында EDQM тарапынан жүргізілген аудиттен сәтті өтті. Бұдан басқа, Орталық OMCL дәрілік препараттардың сапасын бақылау жөніндегі ресми зертханалардың Жалпы еуропалық желісінің (GEON) қауымдасқан мүшесі мәртебесін алды, бұл оның ISO/IEC 17025 халықаралық стандарты және EDQM директиваларының талаптарына сәйкестігін айғақтайды.