
Алматы қаласында белгісіз жүргізуші көлігімен қағып кеткен бес жасар Аскар-оглы Мухамед толық есін жиып, жан сақтау бөлімінен бейінді бөлімшеге ауыстырылды. Баланы комотозды күйден шығару және ауыр жарақаттар салдарын жою үшін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете отырып, оған толық көлемде тегін медициналық көмек көрсетілген.
Естеріңізге сала кетейік, 16 шілдеде өміріне қауіп төніп, өте ауыр күйде Асқар-оглы Мухамед Алматы қаласының Балалар шұғыл жәрдем орталығының қабылдау бөлімшесіне Жедел медициналық жәрдем бригадасымен жеткізілген болатын. Дәрігерлер бас сүйек-ми ашық жарақатын, бас және кеуде қуысының, аяқ-қолдың көптеген жарақаттары және гематомалары, жарақаттанудан болатын шок және III дәрежелі кома диагнозын қойды.
Шұғыл түрде «шұғыл жәрдем» қабырғасында бассүйектін сол жақ төбе-самай тұсында декомпрессиялық тесу (трепанация), субдуралдық гематомаларды жою, қатты ми қабығының пластикасы операциялары жасалды. Үш күн бала тыныс алу аппаратында болған, ол шокқа қарсы, ісінуге қарсы және бактериаларға қарсы терапия, бас миының қан айналымын жақсарту препараттарын, гормондар және т.б. қажетті дәрі-дәрмектерді қабылдады. 19 шілдеде баланың жағдайы жақсарып, өздігінен тыныс ала бастады. Содан кейін, 24 шілдеде гемодинамикалық көрсеткіштері мен жүрек қызметі қалыпты жағдайға келген соң, оның тұрақты жағдайы ескеріле отырып бейінді бөлімшеге ауыстырылды.
Алматы қаласының Балалар шұғыл жәрдем ортылығының бас дәрігері Абай Құсайыновтың ұсынған ақпараты бойынша – «Қазір ол көзін ашты, толық есін жиды, сұрақтарға жауап береді, бірақ сөйлегенде тілі күрмеледі, тамақ жұтады, сіңіреді. Оң жақтағы гемипарез әлі сақталуда. Бала анасымен жеке палатаға орналасқан. Бала келіп түскен сәттен бастап ТМККК шеңберінде толық көлемде тегін ем алуда. Клиникада қажетті медициналық дәрі-дәрмектер мен ММБ көлемі жеткілікті».