
Бүгін Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының "Байқоңыр" кешенін жалға алу жағдайында "Байқоңыр" кешенінің персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын мақұлдады.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов атап өткендей, қолданыстағы Келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттама жобасы Байқоңыр қаласында, Төретам және Ақай кенттерінде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау субъектілері көрсететін медициналық көмекті алуына мүмкіндік береді.
Министр «Келісімдегі енгізілетін түзетулер күшіне енгенге дейін, екі ел Үкіметтерінің уағдаластықтарына сәйкес 2016 жылғы 12 тамыздан бастап Байқоңыр қаласы Перзентханасының бұрыңғы ғимаратының базасында құрылған, Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық медицина орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны пайдалануға берілді. Бұл филиал өңірдің тұрғындарына стационарлық, стационарды алмастыратын көмек көрсетуде, ол үшін тәуліктік 60 төсек және күндізгі 20 төсек ұйымдастырылған», - деп қосты.
Сондай-ақ, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Байқоңыр қаласында 30 мың адамға қызмет көрсетуді болжамдайтын емхана ашылды. Қазіргі уақытта оған 17 мыңнан астам адам бекітілген. Дәрігерлермен және орта буын мамандарымен жасақталған 8 жалпы практика дәрігері учаскесі ашылды.
Қорытындысында, Елжан Біртанов Хаттама ережелерінің күшіне енуі Байқоңыр қаласында тұратын қазақстандық азаматтар үшін жаңа жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін құқықтық негіздеме жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.