
Женева қаласында 71-ші Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының шеңберінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) көрсету туралы техникалық брифинг өтті. Брифингке ДДҰ-ның бас директоры д-р Тедрос Гебрейесус, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, ДДҰ бас директорының көмекшісі, д-р Наоко Ямамото, Кениядан келген бас мейіргер және басқа елдерден келген медициналық сарапшылар қатысты. Спикерлер техбрифингтің барысында қатысушыларды соңғы төрт онжылдықтағы МСАК-ты ұйымдастыру тәжірибелерімен және дамыту нәтижелерімен таныстырды.
«1978 жылғы Алматы Декларациясының негізгі құндылықтары мен қағидаттары биылғы жылы Қазақстан Республикасының Астана қаласында өтетін баршаның денсаулығына арналған Медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша жаһандық конференцияда да өзінің актуалдылығын сақтайды, әлемдік қоғамдастық адамдардың қажеттілігіне бағдарланған МСАК-тың рөлін денсаулық сақтаудың заманауи жүйесінің басты компоненті ретінде ерекше атап көрсетеді, ол өз кезегінде, денсаулық сақтау қызметімен жалпыға бірдей қамтуға қол жеткізуге мүмкіндік береді» - деді баяндамасында ДДҰ-ның бас директоры д-р Тедрос Гебрейесус.
Өз кезегінде, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов барлық қатысушыларды Жаһандық конференцияға шақырды және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы бұл оқиғаның жылдығы Алматы Декларациясына енгізілген қағидаттарды растау мүмкіндігін беретінін атап айтты. Жаһандық конференцияның нәтижелері жаһандық деңгейдегі денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға бірдей қамтуға қол жеткізу жолында медициналық-санитариялық алғашқы көмекті одан әрі дамыту үшін пайдалы болып табылады.
Сонымен бірге брифингке қатысушылар халықтың денсаулықты қолдау бағдарламаларына қатысуының маңыздылығы, акцентті емдеуден профилактикаға аудару және халықты денсаулықты нығайту мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға қатысуға тарту қажеттілігі туралы атап көрсетті.
Бұл техникалық брифингте Министр Елжан Біртановтың сөз сөйлеуі барысында МСАК бойынша жоспарланған конференцияға арналған Министрлік дайындаған бейнеролик көрсетілді.
Анықтама: 1978 жылғы Алматы Декларациясы ДДҰ жариялаған «Баршаға арналған денсаулық» атты мақсатқа қол жеткізу үшін негізгі құрал ретінде медициналық-санитариялық көмекті қолдау үшін алғашқы халықаралық декларация болды. Содан бері жергілікті қауымдастықтардың деңгейінде құрылған медициналық-санитариялық алғашқы көмектің сенімді жүйесі денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға бірдей қамтуға қол жеткізу ісінде маңызды элемент болып танылады. Денсаулық сақтау қызметін нағыз жалпыға бірдей ету үшін денсаулық сақтау жүйесі аурулардың және мекемелердің маңайында емес адамдар мүдделерінің маңайында құрылуы тиіс.