ҚР Денсаулық сақтау министрлігі: сандық технологияның көмегімен адамзат баласы өз денсаулығын бақылауға мүмкіндік алады

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі: сандық технологияның көмегімен адамзат баласы өз денсаулығын бақылауға мүмкіндік алады

Бұл туралы Астаналық Экономикалық Форумда сөз алған ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.   

Әлемдік мәселелердің шешімін табуға бағытталған 11-ші Астаналық Экономикалық Форум бүгін өз жұмысын бастады. «Global Challenges Summit-2018» аясында өтіп жатқан алқалы жиынға 111 мемлекеттен 1 627 делегат қатысуда.   

Астаналық Экономикалық Форум аясында «Жасанды интеллект дәрігерді қалайша алмастырады» тақырыбына кеңінен тоқталған министр Елжан Біртанов денсаулық сақтау саласын сандық жүйеге салу мәселесін сөз етті. Ведомства басшысының айтуы бойынша, денсаулық сақтау саласы 4 сегменттен тұратын адам денсаулығының экожүйесіне негізделген. Атап айтар болсақ, олар: емделу және алдын-алу, ауруды алдын-ала анықтау, медициналық көмек көрсету және аурудың түрлерін басқару және қайта қалпына келтіру емі.     

«Денсаулық – бұл сандық технологияны оның барлық сегменттерінде пайдалану. Бірінші кезекте, біздің пилоттық жоба ретінде пайдалана бастаған сандық технологияларды айтуға болады. Мысалы, мобильдік қосымшалар, арнайы сайттар және т.б. Олар адам денсаулығын сақтау және күшейтуге бағытталған»,-деді Елжан Біртанов.

Бұдан бөлек, министр еліміздегі 8 облыста қағазсыз денсаулық сақтау жүйесін енгізудің пилоттық жобасы өз жұмысын бастағанын баса айтты. Жобаға сай 120 құжаттың нұсқасы сандық жүйеге енгізілген. Қағазсыз денсаулық сақтау жүйесі еліміздің барлық аймақтарына толығымен 2019 жылдың 1-ші қаңтарына дейін енгізілмек.    

Бұдан бөлек министр Елжан Біртанов «Watson for Oncology» атты жасанды интеллект бағдарламасын онкология саласына енгізуге кеңінен тоқталды. Аталған бағдарлама емдеудің жеке әдістерін таңдап алуға, онкологиялық сараптама қорытындыларын кеңінен қолжетімді етуге және үлкен көлемдегі медициналық әдебиетке, нақтарық айтсақ 300 медициналық ғылыми журнал, 200 әдебиет және 15 миллион беттік мәтіндерге анализ жасауға мүмкіндік ашады.   

Форумда талқыланған тағы бір жоба Қазақ-британ техниалық университетінің аясында, отандық ғалымдардың қатысуымен жүзеге асырылатын, электронды есептеуіш машиналармен оқыту бойынша шешім шығару ісін енгізу болды.

Жобаның мақсаты машинаның көмегімен оқытудың әдістерін пайдалану арқылы денсаулық сақтау жүйесіндегі құжаттарды өңдеу платформаларын және әдіс-тәсілдерін әзірлеу болып табылады.    

Анықтама:  Watson for Oncology атты жасанды интеллект бағдарламасын  National Comprehensive Cancer Networkтің алдыңғы қатарлы онколог-эксперттері әзірлеген. Watson for Oncology әлем бойынша озық 15 мемлекетте сәтті жүзеге асырылуда.

Форумның белді қатысушыларының қатарында – Apple компаниясының тең құрылтайшысы Стив Возняк,Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд, Италияның бұрынғы премьер-министрі  Романо Проди, БҰҰ-ның сегізінші Бас хатшысы Пан Ги Мун, Голдман Сакстың  экс-төрағасы Джим Онил және  физик әрі  футуролог Митио Каку болды.