ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ӨЗ ДЕНСАУЛЫҒЫҢЫЗДЫ КҮТІП, ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЕГУЛЕРДІ УАҚТЫЛЫ АЛУҒА ШАҚЫРАДЫ

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ӨЗ ДЕНСАУЛЫҒЫҢЫЗДЫ КҮТІП, ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЕГУЛЕРДІ УАҚТЫЛЫ АЛУҒА ШАҚЫРАДЫ

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінде 2018 жылғы 24 сәуірде Дүниежүзілік иммундау апталығына арналған брифинг өткізілді.

Қазақстанда иммундау апталығы 2018 жылғы 24-30 сәуір аралығында өтеді. Қазіргі халықтың көшіп-қону процестері артқан жағдайда эндемиялық елдерден кез келген елге, оның ішінде Қазақстанға да  полиомиелит, қызылша, пандемиялық тұмау және басқа да инфекциялық аурулар қоздырғыштарын әкелу қаупі бар. Осыған байланысты иммундау апталығының мақсаты халықты вакциналардың тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы хабардар ету, иммундауға сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру, егулермен толық қамту деңгейін арттыру болып табылады, бұл вакцинамен басқарылатын инфекциялық ауруларды Қазақстанның аумағына әкелген кезде олардың таралуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Қазақстанда иммундық профилактика профилактикалық денсаулық сақтаудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан Республикасында вакцинациялау арқасында инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық саламаттылыққа қол жеткізілді. Жыл сайын Қазақстанда инфекциялық ауруларға қарсы шамамен 5 млн. адам, оның ішінде 1,3 млн. бала егіледі. Қазақстан Республикасында мақсатты инфекцияларға қарсы вакцинациялаумен қамту 95-96%-ды құрайды, бұл ДДС ұсынатын шектерде.

«Иммундау көмегімен инфекциялық ауруларды және олардан болатын өлім-жітімді төмендету үшін көп жұмыс жасалды. Соңғы 20 жылда халық арасында қызамықпен сырқаттанушылықтың 4 мың еседен астам, эпидемиялық паротиттің 106 еседен астам, «В» вирустық гепатитінің 38 есеге, оның ішінде балалар арасында 317 есеге төмендеуі  байқалады. Көкжөтелмен сырқаттанушылықтың тұрақты төмен деңгейі ұсталуда, дифтерия мен сіреспенің ішінара жағдайлары бар», - деп хабарлады ҚР ДСМ ҚДСК эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова.

2002 жылы Қазақстан полиомиелиттен еркін аумақ ретінде сертификатталды. Алайда Африка, Пәкістан, Ауғанстан мен Үндістанның кейбір елдерінде полиомиелит жабайы вирусының айналымы жалғасуда, бұл инфекцияның әкеліну қаупін тудырады, сондықтан полиомиелитке қарсы вакцинациялау жалғастырылуда.

Вакциналар мен басқа да медициналық иммундық-профилактикалық препараттар негізгі дәрілік заттар тізіміне енгізілген, халықты вакцинациялау тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді. Қазақстан Республикасындағы Профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесі 21 инфекциялық аурудан қорғауды қамтиды, олардың ішінде республикалық бюджеттен 17-і (құтыру, іш сүзегі, көктемгі-күзгі кене энцефалиті, «В» вирустық гепатиті, b типті гемофилдік инфекция, дифтерия, дизентерия, көкжөтел,  қызылша, қызамық, полиомиелит, сіреспе, туберкулез, оба, эпидемиялық паротит, сальмонеллез, пневмококк инфекциясы), жергілікті бюджет қаражаты есебінен – 4-уі («А» вирустық гепатиті, күйдіргі, туляремия).

«Біздің елдегі егулер күнтізбесі ДДҰ-ның ұсынымдарына сәйкес келеді және көптеген дамыған елдердің (Австрия, Израиль, Бельгия, Германия, Түркия, Жапония) кестелеріне ұқсас және кейбір инфекцияларға (ротавирустық инфекция, желшешек, жапон энцефалиті және басқ.) қарсы вакцинациялаудың болмауымен ерекшеленеді», - деп атап өтті Роза Қожапова. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі оларға қарсы тиімді вакциналар бар инфекциялық аурулар тізімін кеңейту бойынша ДДҰ-ның стратегиясын қолдайды:

- 2005 жылдан бастап қызамыққа қарсы балаларды вакцинациялау (қызылша мен эпидемиялық паротитке қарсы вакцинамен бірге);

- 2008 жылдан бастап b типті гемофильдік инфекцияға қарсы балаларды вакцинациялау (дифтерия, сіреспе, көкжөтел, В  гепатитіне қарсы вакцинамен бірге);

- 2010 жылдан бастап – пневмококк инфекциясына қарсы вакцигнациялау кезең-кезеңмен енгізілді.

Қазақстанда 2008 жылдан бастап вакцинаны егу үшін оларды қайта пайдалануды болдырмайтын өзідігінен бұзылатын (өздігінен бұғатталатын) шприцтерді пайдалануға өту жүзеге асырылғанын айта кету керек. 2013 жылдан бастап бүтін жасушалы көкжөтел компоненті бар адсорбцияланған көкжөтел-дифтерия-сіреспе вакцинасынан (АКДС) жасушасыз көкжөтел компоненті бар вакциналарға өтті, оларды пайдалану кезінде вакцинадан кейінгі реакциялар мен асқынулардың даму жиілігі мен қаупі төмендейді. Бұл ретте ауыз арқылы қабылдайтын полиомиелит вакцинасы белсендірілген полиомиелит вакцинасына ауыстырылды.

Бұдан басқа иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністердің даму қаупін азайту мақсатында 2013 жылдан бастап балалардың пайдалануы үшін көп дозалы вакциналар бір дозалы қаптамадағы вакциналарға ауыстырылды. Бұл  ретте балалар үшін ауырсынуды төмендету мақсатында жаңа вакциналар бес және алты компонентті біріктірілген вакциналар (АбКДС+ВГВ+ИПВ+Хиб, АбКДС+ИПВ+Хиб) құрамында енгізілді.

«Вакциналар және басқа да медициналық иммундық-иммунологиялық препараттар Негізгі (өмірлік маңызды) дәрілік заттар тізіміне енгізілген және халықты вакцинациялау тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне жатады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес жеке адамдар, оның ішінде ҚР аумағындағы шетелдік азаматтар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы егулерді тегін алуға құқылы», - деді Қожапова.

Өкінішке орай, вакциналарға қатысты қоғамдық пікірге көбіне адамдар топтары, интернеттегі немесе баспасөздегі вакцинацияның қажеттілігі және оның қаншалықты қауіпсіз екені туралы сұрақ қойылатын жарияланымдар әсер етеді. Бұдан басқа, барлық елдерде осал және қол жеткізу қиын егілмеген адамдар топтары бар, олар кейіннен инфекциялық аурулардың өршуін тудырады. Этикалық және діни себептер бойынша иммундаудан бас тартатын адамдар бар. Осы  топтардың барлығы аурулардан қорғалмаған. Бүгінгі күні республикада профилактикалық егулерден бас тартудың 13622 жағдайы тіркелген. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда биылғы жылы жеке сенімі бойынша бас тартудың басым екенін атап өту қажет, барлық бас тартулар ішінде олардың үлесі 49,5%, діни себептер - 35,3%, вакциналарға сенімсіздікті 9,5% адам білдірді, БАҚ арқылы жағымсыз ақпарат бойынша (интернет ресурстар, баспасөз, ТД) 5,6% адам, 0,1%-ында вакцинаның алдыңғы дозасына реакция байқалған, 0,1%-ында вакцинациялаудан бас тартқан отбасында басқа балада реакция анықталған.

«Елдегі қолайлы эпидемиологиялық жағдайды, сондай-ақ жалпы республика бойынша вакцинациялаумен қамтудың жоғары деңгейін ескере отырып, егілмеген балаларда вакцинамен басқарылатын инфекциялармен сырқаттану қаупі төмен. Алайда инфекция тіркелген жағдайда инфекцияның таралу және егілмеген балалардың ауыр асқынулармен сырқаттану қаупі артады. Профилактикалық егулерден бас тарта отырып, ата-аналар баланы инфекциядан және оның салдарларынан қорғану құқығын айыруы мүмкін екенін есте сақтау қажет», - деп атап өтті Қожапова.

Қазақстан жыл сайын дүниежүзілік иммундау апталығына қатысады. Иммундау апталығы халықты вакциналардың тиімділігі және қауіпсіздігі туралы хабардар ету, иммундауға сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру арқылы оларға қарсы профилактикалық егулер жүргізілетін инфекциялық аурулар бойынша санитариялық-профилактикалық іс-шараларды күшейтуді талап етеді. Әсіресе қарқынды көшіп-қону процестері және эндемиялық елдерден әртүрлі инфекциялардың әкеліну қаупі бар жағдайларда инфекциялық аурулардан қорғау мәселесі өзекті болып табылады. Осыған байланысты тұрақты эпидемиялық ахуалды қалыптастыру үшін ортақ күшпен барлық халықты егулермен толық қамту деңгейін арттыру қажет. Жыл сайын иммундау миллиондаған өмірді құтқаратынын атап өтеміз және осы жетістікті нығайтып, қолдау керек.

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан халқына өздерінің балаларын инфекциялық аурулардан қорғану құқығынан айырмауға және барлық қолжетімді әдістермен, оның ішінде вакцинациялаумен олардың денсаулығын қамтамасыз етуге шақырды.