Қазақстандық «Фитолеум» фармацевтикалық компаниясы GMP сертификатын алды

Қазақстандық «Фитолеум» фармацевтикалық компаниясы GMP сертификатын алды

Фармация комитетінде ресми түрде GМP сертификатын табыстау өтті. Бұл сертификаттың иегері атанған – отандық фармацевтикалық компания «Фитолеум».

Денсаулық сақтау министрлігі фармацевтикалық саланың өзге қатысушыларымен бірлесе отырып тиісті фармацевтикалық практикалардың (GхP) халықаралық стандарттарын енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.

Бүгінгі күні заңнама талаптарына сай GхP стандарттарының талаптарын ұстану міндет болып табылады. Стандарттарды енгізуді ынталандыру мақсатында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу қағидаларында тиісті фармацевтикалық практикалардың сертификат иегерлеріне жеңілдіктер көзделген.

Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің төрағасы Л.В. Бюрабекованың айтуынша: «Стандарттарды ұстану халықты қауіпсіз әрі тиімді дәрілік заттармен қамтамасыз етудің кепілі болуға мүмкіндік береді. Осы жылы GхP стандарттарына, әсіресе біздің өндірушілерді GMP талаптарына, дистрибьюторлық компанияларды  GDP талаптарына, дәріханалық ұйымдарды GPP талаптарына сәйкестігін тексерудегі инспекциялар саны арта түсті».

Қазіргі кезде халықаралық стандарттарды енгізу бойынша жұмысты жандандыруға мүмкіндік беретін тиісті фармацевтикалық практикалар стандартын енгізудің жол картасы дайындалу үстінде екенін атап өткен жөн. Қазіргі таңда 14 өндірісте (21 өндірістік алаң) GMP сертификаты бар.

«Қазақстанның ФармМедИндустриясы» қауымдастығының президенті Руслан Султанов: «Бұл кәсіпорын нарықта бірінші жыл жұмыс істеп жатқан жоқ, 1992 жылдан бастап  қызмет атқаратынын атап өткім келеді. Және ең басты атап өтетін жайт – бүгінгі сертификат табыстау рәсімі бұл зауыт үшін бірінші рет емес, бұл – алдында өткен сертификаттауды қайта растау болып табылады. Бұл кәсіпорын бірінші сертификатын 2014 жылы алған. Біздің отандық өндіруші GMP халықаралық стандартының талаптарын орындап қана қоймай, қазақтандық институттармен (С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, ҚР БҒМ ҒК «Ботаника және фитоинтродукция институты») бірлесе отырып ғылыми зерттеулер жүргізеді».

Анықтама: Аталып өткен GxP стандарттарға Тиісті зертханалық практика (GLP), Тиісті клиникалық практика (GCP), Тиісті өндірістік практика (GMP), Тиісті дистрибьюторлық практика (GDP), Тиісті дәріханалық практика (GPP) және Тиісті фармакологиялық қадағалау практикасы (GVP) жатады.