
Қазақстан Республикасында медициналық өнімді қадағалау жүйесін құру және енгізу бойынша жүргізілген талдау нәтижелерін көпшілік талқылау бүгін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың төрағалық етуімен өтті.
Кеңеске Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова, Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының Бас директорының орынбасары Болат Жантуриев, қоғамдық ұйымдардың, салалық қауымдастықтардың өкілдері, сонымен қатар селекторлық режимде аймақтық фармацевтикалық бақылау департаменттері, отандық және шетелдік фармакологиялық өндірушілердің өкілдері қатысты.
Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой, шараны аша отырып, «Медициналық өнімді қадағалау жүйесін енгізу – бұл дүниежүзілік тәжірибе және қадағалау мен таңбалау бойынша осындай жүйелерді енгізудің тиімді әсері аса ауқымды болды. Бұдан басқа, ол Қазақстанды цифрландыру бағытындағы маңызды қадам. Бірақ, ең бастысы, жүйені енгізу өзінің алдына өнімді қадағалауды, контрафактылы өніммен күресуді және, ең бастысы, біздің азаматтарымызға келіп түсетін дәрі-дәрмектің сапалы болуын негізгі міндеттері ретінде белгіледі» деп атап өтті.
Жүйені енгізу бойынша жүргізілген жұмыс жөнінде ДЗСҰО Бас директорының орынбасары Болат Жантуриев әңгімеледі. Оның сөздері бойынша, республикада медициналық өнімді қадағалау жүйесін енгізу қазақстандықтарды сапалы және қауіпсіз медициналық өніммен – дәрілермен және медициналық бұйымдармен – (шприцтер, медициналық қолғаптар, инелер, сынауықтар және т.б.) қамтамасыз етуге мониторинг орнату және бақылау мүмкіндігін береді. Осындай жүйе ел аумағындағы өндіріс немесе елге импорттау сатысынан дәріханалар арқылы тұтынушыларға өткізу сәтіне дейінгі немесе денсаулық сақтау ұйымына келіп түсуге дейінгі медициналық өнімді қадағалаудың тиімді механизмін құруға мүмкіндік береді.
Жүйедегі өнімді қадағалау екі өлшемді DataMatrix штрих-коды үлгісінде екіншілік қаптамаға түсірілетін бақылау-сәйкестендіру белгісі (БҚБ) бойынша жүргізіледі.
«Жүйені енгізу еліміздің тұрғын халқының дәрілік қауіпсіздігін арттыру, тұрғын халықтың өмірі мен денсаулығына төнетін қатерлерді төмендету, медициналық өнім қозғалысының барлық сатыларында қадағалау жүйесін қалыптастыру міндеттерінің тұтас ауқымын шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол өкілетті органдардың мониторинг өткізу және ақпараттық қолдау құралы қызметін атқарады, бұл медициналық өнім айналымы саласындағы бақылауды айтарлықтай арттырады», - деп атап өтті ДЗСҰО Бас директорының орынбасары.
2017 жылы тексерулер барысында 507 әкімшілік бұзушылық анықталды. Тіркелмеген және қолдан жасалған дәрілік заттарды, сондай-ақ жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілік заттарды өткізу жағдайлары анықталды, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 5,5 млн теңгені құрады.
Болат Жантуриевтің сөзі бойынша, жүйені бірнеше сатыларда енгізу ұсынылып отыр: 2018 – 2019 жылдары пилоттық жобаны өткізу, 2020 – 2021 жылдары дәрілік заттар өндірушілерінің ерікті қосылуымен медициналық өнімді қадағалау жүйесін іске қосу жоспарланып отыр. 2023 жылы республикада айналымда жүрген дәрілік заттарды міндетті таңбалау енгізіледі.
Анықтамалық: ДДСҰ деректері бойынша сатылатын дәрілік заттардың 10% шамасы контрафактылы болып табылады. Контрафактылы өнімді тұтыну жыл сайын 100 мыңнан 1 миллионға дейінгі адамның өліміне себеп болып отыр. Қазақстанда фальсификацияланған өнімді анықтау деректері туралы ресми ақпарат жоқ, алайда медициналық өнім айналымы саласындағы бұзушылықтар өзекті мәселе болып табылады.