
Бүгін Астанада дөңгелек үстел отырысында психикалық ауруларға шалдыққан және жүйке ауруларымен ауыратын адамдарды әлеуметтендіру мәселелері талқыланды.
Шараның ұйымдастырушылары: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы мен «Аман-саулық» ҚҚ.
Дөңгелек үстел барысында жүйке ауруларымен ауыратын адамдардың қалай өмір сүретіні, олардың туысқандарының, отбасыларының қандай қиындықтарға тап болатыны және бұл мәселелерді шешу жолдары туралы сөз қозғалды.
2015 жылы Қазақстанда ратификацияланған мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияның 4-бабында былай делінген: «Қатысушы мемлекеттер барша мүгедектердің адамның барлық құқықтары мен негізгі бостандықтарын мүгедектік белгісі бойынша ешқандай да кемсітушіліксіз толық іске асыруын қамтамасыз етуге және көтермелеуге міндеттенеді».
Бүгінгі таңда Қазақстанда жүргізіліп отырған психиатриялық қызмет реформасы ең алдымен амбулаторлық буынды нығайтуды, шекаралық жай-күйлер мен жүйке бұзылыстарын ерте анықтау мен алдын алуды, амбулаторлық емдеу кезеңінде дәрілік терапияның сапасын арттыруды, науқастардың өздерін ғана емес, сондай-ақ олардың отбасыларының мүшелерін де әлеуметке бейімдеу, оқыту, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі шараларды қабылдауды көздейді.
«Аман-саулық» ҚҚ Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен жүзеге асырған «Психикалық аурулары бар науқастардың туысқандарына психологиялық және құқықтық қолдау көрсету» жобасы қоғамда әлі де болса жүйке бұзылыстарына ұшыраған адамдарды қоғамнан шеттетудің жоғарғы деңгейі сақталып келетіндігін көрсетті. Науқастардың өздерімен қоса отбасылары мен туысқандары да оқшауланып қалады. Олардың өз құқықтары, оқу мен даму мүмкіндіктері туралы ақпараттандырылуы мен білімдерінің деңгейі төмен. Дегенмен, Қазақстанда тәулік бойына болу мүмкіндігін қарастырған баламалы ұйымдарды құрудың, арнайы әлеуметтік мекемелерді қайта құрудың, сыйымдылығы аз үйлер қызметін қалыптастырудың тәжірибесі біршама жинақталған.
Психикалық ауруларға шалдыққан және жүйке ауруларымен ауыратын адамдарды әлеуметтік өмірге бейімдеу тек емдеуге ғана емес, сонымен қатар адамдарды қоғамның өміріне барынша енгізуге, олардың құқықтарын қорғау мен қолдауға бағытталған.
Анықтама: Қазіргі таңда Қазақстан Республикасындағы психиатриялық ұйымдардың есебінде 200 мыңға жуық адам тұр, «ақыл-ес кемдігі» диагнозы қойылған адамдардың саны 100 мың халыққа шаққанда шамамен 448 адамды құрайды.