
2018 жылғы 26 ақпанда Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің базасында Денсаулық сақтау саласындағы медициналық терминология комиссиясы төрағасының орынбасары мен мүшелерінің, медициналық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушы құрамының, ұлттық және республикалық ғылыми орталықтардың, өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының, медициналық терминология мәселелерімен айналысатын практикалық мамандардың, лингвистердің, қоғам қайраткерлерінің, аудармашылардың, әдіскерлердің қатысуымен Халықаралық деңгейде бекітілген латын-грек терминдерінің мемлекеттік тілде қолданылатын медициналық глоссарийлерін оңтайландыру тақырыбында республикалық терминологиялық конференция өтті.
Конференцияның мақсаты: Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, Денсаулық сақтау саласындағы медициналық терминологиялық комиссияның жұмыс жоспарын іске асыру.
Денсаулық сақтау саласындағы медициналық терминологиялық комиссияның отырысы жыл сайын өткізілетінін атап өту қажет. Мұндай отырыстар өткізу маңызды, себебі күрделі медициналық терминдерді дұрыс аудару, оларды тілдік нормаға және нормативтік-құқықтық нормаларға сәйкес келтіру ауқымды жұмысты талап етеді. Осыған байланысты медициналық терминдерді тек медицина жұртшылығымен ғана емес, денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық көмек алатын халықпен талқылау қажеттілігі туындап отыр.
Конференция барысында ЖОО-лар дайындаған қазақ тіліндегі әдебиеттің және әдістемелік құралдардың көрмесі ұйымдастырылды. Медициналық ЖОО-лардың профессорлық-оқытушылық құрамының және ғылыми институттар профессорлары баяндамаларының жинағы шығарылды.
Секциялық отырыста фармакология, фармацевтика салалары бойынша шамамен 2 500 сөз және сөз тіркестері талқыланды, сонымен бірге осы бейін бойынша қазақ-орыс-латын тілдеріндегі сөздікті шығару жоспарланған. Талқылаудан кейін сөздік А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтына сараптама жіберіледі, одан кейін - Республикалық терминологиялық комиссияға қарауға жіберіледі.
Одан басқа конференция барысында медициналық терминдердің тілдік сипаты, денсаулық сақтау саласында нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуде ресми тілдің қолданылу нормалары, аудармасы қиындық тудырып жүрген медициналық терминдердің аудармасы және т.б. талқыланды.