
Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде селекторлық режимде «Cыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат. Денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жағдайы туралы» тақырыбында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының, мемлекеттік органның, өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларының, Денсаулық сақтау министрлігінің комитеттері аумақтық департаменттерінің, ведомстволық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті.
Жиында 2017 жылы медицина қызметкерлері арасында орын алған жемқорлық құқықбұзушылықтарға талдау жасалып, жемқорлықтың себептерін жою және жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Салауат Муксимов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа құралдары туралы айтып берді. Ол жемқорлықтың тәуекелдері жөнінде мәлімдеді.
Денсаулық сақтау саласындағы қылмыстық істерді тергеу практикасы және жемқорлық құқықбұзушылықтар жасауға мүмкіндік туғызатын себептер мен жағдайларды жою туралы Агенттіктің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Тергеу департаменті басшысының орынбасары Асхат Жұмағали хабарлады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ұйымдастыру-талдау штабы (департамент) басшысының орынбасары Талғат Садинов денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жағдайымен таныстырды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен жемқорлықты жою және азаматтардың денсаулық сақтау жүйесіне сенімін арттыру бойынша шаралар қолданылатынын атап өту керек. Қазақстан Республикасының 2015 - 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Жемқорлықтың алдын алу мәселелері мемлекеттік органның алқа жиындарында, Қоғамдық кеңесінің отырыстарында, жиналыстарда қаралады. Олардың барлығы селекторлық режимде өтеді, тек 2017 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларының, ведомстволардың аумақтық департаменттерінің, республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының қатысуымен 6 іс-шара ұйымдастырылды.