
Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Жауапты хатшысы Болат Төкежанов Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық топтардың жұмысы шеңберінде Ақмола облысының медицина қоғамдастығымен кездесуінде баяндама жасады.
Болат Төкежанов әріптестеріне Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктеріне елімізді бейімдеу үшін 2018 жылы шешілуі тиіс денсаулық сақтау жүйесінің алдында тұрған нақты міндеттер туралы айтып берді.
Ол халықтың денсаулығын нығайту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін жақсарту шараларына тоқталды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Жауапты хатшысы жаңа медициналық технологиялар тек ауруларды диагностикалау мен емдеуде ғана емес медициналық ұйымдарды ақпараттандыру және бағдарламалық қамтамасыз етуде де енгізілетіндігін атап өтті. Ол пилоттық пайдаланудан кейін электрондық денсаулық паспорттарын енгізу, азаматтарды өз денсаулығы туралы ақпаратпен онлайн режимде қамтамасыз ету және қызметтерді әртүрлі мобильдік технологиялар арқылы алу мүмкіндігін кеңейту жоспарланғанын айтты.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Жауапты хатшысы сөзін қорытындылай келе, осы және басқа да шараларды іске асыру үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа редакциясын әзірлеу қажеттілігін айтып өтті.
Өңірге жұмыс сапары барысында Болат Төкежанов Көкшетау қаласының, Зеренді және Бурабай аудандарының медициналық ұйымдарында болып, денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлерімен кездесті.