Әрбір алтыншы қазақстандық өзінің АИТВ-ахуалын біледі

Әрбір алтыншы қазақстандық өзінің АИТВ-ахуалын біледі

Қазақстанда соңғы он жылда АИТВ-инфекциясына тестілеумен қамту екі жарым есеге артты. Егер 2006 жылы тестті 1,2 миллион қазақстандық тапсырса, 2017 жылғы қорытындылар бойынша ол көрсеткіш 2,9 миллионды құрады.

- АИТВ-инфекциясы шоғырланған және таралатын тұрғындардың топтары арасындағы тестілеумен қамту жыл сайын артып келеді. Олар - инъекциялық есірткі тұтынушы адамдар, секс жұмысшылары, еркектермен жыныстық қатынасқа түсетін еркектер. Өңірлік ЖИТС орталықтарының зертханаларының сапалы, сенімді тестілеуді жүргізуі үшін ең жаңа, заманауи құрылғылармен жабдықталған, - дейді ЖИТС РО бас директоры Бауыржан Байсеркин.

Халықтың осал топтарының тестілеуден өтуге қолжетімділігін кеңейту мақсатында халықаралық ұсынымдарға сәйкес ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталығының бастамасы бойынша АИТВ-инфекциясына жедел-тестілеуді үкіметтік емес ұйымдарда енгізіле бастады.

Қазақстан Республикасының азаматтары үшін АИТВ-инфекциясына тестілеуден өту өңірлік ЖИТС орталықтарында ерікті және тегін түрде жүргізіледі. Заңнамалық актілерге сәйкес жүкті әйелдер, донорлар, сотталғандар міндетті тәртіпте тестілеуден өтеді. Жүкті әйелдер АИТВ-инфекциясына екі рет тексеріледі: әйелдер консультациясына есепке тұрған кезде және жүктіліктің 28-30 апталық мерзімі болған кезде. Бұл барлық шаралар АИТВ-инфекциясын уақытылы анықтауға, консультация жүргізуді және қажеттілігі бойынша антиретровирустық препараттармен (АРТ) емдеуді қоса алғанда алдын алу шараларының кешенін іске асыруға мүмкіндік береді.

Мұндай іс-шараларды орындаудың нәтижесінде ЖИТС қызметінің бірқатар маңызды көрсеткіштері жақсарды, олардың ішінде: ЖИТС-тен болатын өлім-жітімнің азаюы, АИТВ жұқтырған аналардан туылған дені сау балалардың санының 99 пайызға дейін артуы, сондай-ақ, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды АРВ-препараттармен емдеуді қамтудың артуы. Осыған байланысты, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың өмір сүру сапасы да артып келеді, ол жағдай еңбек ұжымдарында табысты жұмыс істеуге және өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді.