
«СҚ-Фармация» кезекті сатып алу процедурасының қорытындысын шығарды. Енді бұрын сатып алынғандарға тағы 41 тегін препарат қосылды. Бұл - гипертензияға қарсы препараты, антибиотиктер, онкологиялық, өкпе аурулары, АИТВ, гемофилия, гепатит және т.б. сырқаттары бар пациенттерді емдеуге арналған дәрілер.
2018 жылғы 15 қаңтарда Бірыңғай дистрибьютердің сайтында жылдың алғашқы үш айында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін бұрын сатып алынбаған препараттар бойынша сатып алу қорытындысының хаттамасы жарияланды.
Бұдан басқа, қазірге дейін ұзақ мерзімді шарттар бойынша отандық өндірушілерден тағы 39 және шетелдік өндірушілерден тікелей төрт дәрі-дәрмек түрі қосымша сатып алынған.
Осылайша, бүгінге дейін Бірыңғай дистрибьютер дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 971 атауын сатып алған. Қазірдің өзінде «СҚ-Фармация» деректері бойынша, тегін стационарлық және амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін сатып алынатын медикаменттер тізіміне енетін 1192 атаудың 82%-н сатып алу жүргізілген.
Енді өнім берушілермен шарттар жасалуда, олар бойынша тауар Бірыңғай дистрибьютердің қоймаларына ақпан айында жеткізіле бастайды.
Өз кезегінде ауруханалар, емханалар мен тегін дәрі тарататын дәріханалар үшін Бірыңғай дистрибьютердің қоймаларында бар дәрілік заттарды жөнелту басталып кетті. Жаңадан сатып алынған препараттарды жөнелту бұрын медициналық ұйымдармен бекітілген кестеге сәйкес басталатын болады.
Осы тұста қазіргі кезде сәуір айынан желтоқсан айына дейінгі дәрілік заттарға 9 айлық қажеттілікті сатып алу үшін екі кезеңдік тендерлік процедуралар өткізіліп жатқанын айта кеткен жөн. Тендер қорытындысы 2018 жылғы 2 ақпанда шығарылып, дәрі-дәрмекті жеткізу наурыз айында басталатын болады.