
Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой швейцариялық «Roche» фармацевтикалық компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Кристоф Францпен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
«Roche» компаниясы әлемнің 150-ден астам елінде бар ірі фармацевтикалық және биотехнологиялық компания болып табылады. Қазақстан Республикасымен ынтымақтастық 1993 жылы басталды және қазіргі уақытта елдің фармацевтикалық нарығында осы фирманың өндірген дәрілік заттардың 16 позициясы және медициналық бұйымдардың 8 позициясы тіркелген.
«Мен бүгінгі кездесуімізге қуаныштымын және Қазақстан мен «Roche» компаниясы арасындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Швейцария Конфедерациясы Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып табылады. Елдеріміз арасындағы қарым - қатынас достық пен өзара сенімге негізделгенін атап өту маңызды», - деді А.Цой.
Кездесу барысында тараптар Сovid-19-ды қоса алғанда, жұқпалы ауруларды диагностикалау үшін ҚР-да зертханалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобада Швейцария тарапының жәрдемдесу мәселелерін талқылады. «Roche» компаниясының тәжірибесі елдің зертханалық инфрақұрылымын нығайтуға және оның халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге ықпал етуі мүмкін, бұл құзыреттілікті көрсетудің тиімді тәсілі және бүкіл әлемде зерттеу нәтижелерін тану құралы болады.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы ҚР-да өңірлік ғылыми-зерттеу орталығын құру және Қазақстанның жұмыс істеп тұрған онкологиялық орталықтарының бірінде онкологиялық ауруларды зерттеу жөніндегі заманауи зертхана ашу өзекті деп санайды. Сондай-ақ, Қазақстан Швейцария тарапының ел аумағында дәрілік заттар өндірісін оқшаулауға қатысты ұсынысын оң жағынан қарайды.
А. Цой Қазақстан Республикасы мен швейцариялық «Roche» компаниясы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, Денсаулық сақтау саласындағы перспективалы бағыттар бойынша серіктестікті жандандыруға дайын екенін білдірді.