Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният төрағалығымен ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының «Қамқорлық» бастамасының Жол картасын іске асыру барысы туралы кеңес өтті, оған аумақтық Денсаулық сақтау басқармалары басшылары, Парламент депутаттары, өңірлер әкімдерінің орынбасарлары, медициналық ұйымдар өкілдері қатысты.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының бастамасы бойынша 2020 жылы Қазақстанда 7 балаларды оңалту орталығы және Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының ауруханаларында бір-бірден ерте араласу орталығы ашылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, ШҚО, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда, Ақмола облыстарында қолданыстағы инфрақұрылым негізінде 8 оңалту орталығы және 2 ерте араласу орталығы ашылуы тиіс. Үшінші кезең аясында-еліміздің барлық өңірлеріндегі 17 ерте араласу орталығы бар.
Медициналық сақтандыру қорының деректері бойынша 2021 жылдың 1 тоқсанында «Қамқорлық» Оңалту орталықтары 246,6 млн.теңге сомасына 15 896 қызмет көрсетті.
Кеңеске қатысушылар медициналық нысандарда жөндеу жұмыстарын уақтылы жүргізу, жергілікті атқарушы органдар деңгейінде бюджет қаражатын бөлу, оңалту орталықтарында жұмыс істеу үшін кадрлар даярлау бөлігінде Жол картасын іске асырудың проблемалық мәселелерін талқылады.