
ҚР Бас санитарлық дәрігері, Денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясов Үкімет пен денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар кешенін ұйымдастырудағы Қазақстанның тәжірибесі, вакцинация қарқыны, санитариялық-эпидемиологиялық қызметті цифрландыру, биологиялық қорғауды қамтамасыз ету жүйелерін енгізу туралы айтып берді.
Форумға қатысушылар Халықаралық биологиялық қауіпсіздікті нығайту, ғылыми-техникалық өзара іс-қимыл және Сочи қаласында (РФ) биологиялық және уытты қаруға тыйым салу туралы Конвенцияның ережелерін орындау мәселелерін талқылау үшін жиналды.
"Төтенше жағдай кезінде қазіргі заманғы қорғаныс құралдарын енгізуді және олардың терроризмге қарсы тұрақтылығын арттыруды қоса алғанда, биологиялық қорғауды қамтамасыз ету жүйелерін жетілдіру қажеттілігі туындады. Осыған байланысты, 2021 жылы біз "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" Заң әзірледік", - деді Е.Қиясов.
Оның айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің кадрлық әлеуетін арттыру үшін қайта даярлау және біліктілікті арттыру жүйесі жетілдірілуде.
Қызметті цифрландыру шеңберінде, вице-министр атап өткендей, халықты иммундық алдын алу үшін e-gov mobile "Вакцинация" сервисін, sms - хабарламаларды, жеке кабинетті пайдалану, сондай-ақ "Цифрлық құжаттар"сервисінде вакцинация паспортын енгізу арқылы IT-технологиялардың мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылады.
Вакцинация жүргізу туралы деректер Министрліктің орталықтандырылған ақпараттық жүйесінде электрондық форматта жүргізіледі. Бұл вакциналанғандардың санын есепке алуға және вакцинация көлемін жоспарлау және сырқаттанушылықты болжау үшін болашақта халықтың иммундық мәртебесін қадағалауға мүмкіндік береді.
Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген коронавирустық инфекцияның (COVID-19) биологиялық қауіпсіздік қатерлерінің алдын алу және оларға ден қою көп жақты ынтымақтастықты, инфекциялармен байланысты денсаулық тәуекелдерін басқаруда көмек көрсету бойынша халықаралық өзара іс-қимылды дамытуды талап ететінін айқын көрсетті.
Биологиялық және уытты қаруларға тыйым салу туралы Конвенция (БҚК) оны сақтау кезінде бүкіл халықаралық қоғамдастық үшін инфекциялық қауіп-қатерлерден қауіпсіздікке кепілдік беретін аса маңызды көпжақты құралдардың бірі болып табылады. Алайда, әлемдегі қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты БҚК мәселелері бойынша қатысушы мемлекеттердің сараптамалық консультациялары іс жүзінде тоқтатылды, бұл бұрын қол жеткізілген прогреске елеулі қауіп төндіреді.
Осы халықаралық конференция жаһандық биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің көптеген мәселелері бойынша мемлекеттік ұйымдар, ғылыми қоғамдастық және коммерциялық емес сектор өкілдерінің терең және ашық пікірталастарына ықпал етеді деп күтілуде.
Форум аясында COVID-19 пандемиясы жағдайында биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін істердің ағымдағы жай-күйі, инфекциялық қауіп-қатерлерге ден қою тәжірибесі, ғылыми зерттеулер мәселелері талқыланады.
Қазақстан - халық денсаулығына инфекциялық қауіп туындаған жағдайда дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік беретін биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың барлық бастамаларын қолдауға дайын екенін білдірді.
Форум гибридті форматта өтіп, 40 елден халықаралық және қоғамдық ұйымдардан, ғылыми қоғамдастық өкілдерінен 150-ден астам қатысушыларды жинады.